Шығыс Қазақстан облысында адам өмірін құтқаруда ерлік пен батылдық танытқан тәртіп сақшыларын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ведомстволық Telegram-арнасының мәліметінше, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыс әкімі Нұрымбет Сактаганов адам өмірін құтқару кезінде ерекшеленген екі полицейге Құрмет грамотасын табыс етті.

Жоғары марапатқа Ұлан ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұрдәулет Тетепов пен жедел-криминалистикалық топтың криминалисі Асет Нағашбаев ие болды.

Оқиға 20 тамызда Қасым Қайсенов кентінде болған. Полицейлер кәріз құдығында жұмыс істеп бара жатып есін жоғалтқан екі жұмысшыға көмекке келді. Полиция капитаны Асет Нағашбаевтың қырағылығы мен полиция майоры Нұрдәулет Тетеповтің батыл әрекеттерінің арқасында екі азамат уақытылы құтқарылды.

Облыс әкімі полиция қызметкерлерінің ерлігі мен кәсібилігін, олардың әрқашан көмекке келуге дайын екенін атап өтіп, мұндай игі істер мен жоғары азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Ұлан ауданының криминалисі, полиция капитаны Асет Нағашбаев ойланбастан кәріз құдығына түсіп, екі жұмысшыны құтқарғаны хабарланған болатын. Оқиға орнына келген полиция майоры Нұрдәулет Тетепов дереу арқан сұрап, оны бекітіп, люкке түскен.