Шымкентте кәмелетке толмаған бала аяғынан пышақ жарақатын алған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл оқиға дендросаябақта болған, деп хабарлайды infohub.kz.
kritika_shymkent Instagram-парақшасының мәліметінше, 17 тамызда Шымкенттегі дендросаябақта жасөспірімдердің қатысуымен төбелес болған. Жарияланымда: «Кассаның дәл қасында фудтрак қызметкерлері бір-бірінің аяғын пышақтап жаралады. Бұл не деген заңсыздық, ата-аналар мен басшылық қайда қарап отыр? Балалар кәмелетке толмаған, ересектерсіз, пышақпен», — делінген.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі дене жарақатының салдарын растап, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Зардап шеккен жалғыз болғаны анықталды.
«Оқиғаға қатысушылар анықталды. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жанжалдың себептері анықталуда. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты балаларды тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда», — деп нақтылады полицияда.
Шымкент қалалық полиция департаментінде тексеру нәтижелері бойынша барлық қатысушы тұлғалардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген шаралар қабылданатынын жеткізді.


