Шымкентте көлік полицейлері өтіп бара жатқан пойызға тас лақтырған жасөспірімдерді ұстады. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізіліп, олар балаларын тиісті деңгейде тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Саратов — Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткен Шымкент станциясындағы полиция басқармасының қызметкерлері өрескел құқықбұзушылықтың жолын кесті. Вагон терезесінен олар теміржол бойында тұрып, пойызға тас лақтырып жатқан үш жасөспірімді байқады.

Жағдайды жылдам бағалаған тәртіп сақшылары пойыз машинисіне хабарласып, жылдамдықты бәсеңдету туралы нұсқау берді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде үш жасөспірім ұсталды. Кейін олар ата-аналарымен бірге Шымкент станциясындағы көлік полициясы басқармасына жеткізілді. Заңды өкілдерінің қатысуымен олар істегендерін мойындады.

Жасөспірімдермен теміржол көлігі нысандарында қауіпсіз жүру ережелері туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді, ал олардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.