Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін табиғат аясындағы демалыс қайғылы жағдайға айнала жаздады: Есіл өзенінде балық аулап жүрген жұбайлар оқ астында қалды. Бұл туралы Skolife_ Instagram парақшасында жарияланған хабарламадан белгілі болды, деп жазады infohub.kz сайты.
Хабарлама авторларының айтуынша, оқиға Қызылжар ауданындағы Ивановка ауылының маңында болған. Бір сәтте жақын жерде атыс басталды. Алғашында дыбыс алыстан естілген, алайда көп ұзамай оқтар адамдардың дәл басынан ұша бастады.
Жарияланым авторы бірнеше оқ одан шамамен 50 сантиметр жерден өткенін айтты. Ол оқтардың бұталарды тесіп өтіп бара жатқанын көріп, дереу жерге құлап, күйеуіне: «Атып жатыр!» — деп айқайлады. Ер адамның басынан да оқтар ұшқан.
Абырой болғанда, атыс кезінде ешкім зардап шекпеді. Жарияланым авторлары: егер бұл ауданда әскери жаттығулар өткізіліп жатса, неге адамдарды алдын ала ескертпеді, неге ескерту белгілері мен қоршау қойылмады? — деп сұрақ қояды.
NUR.KZ тілшісі Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Онда балық аулаған жердің маңынан атыс дыбыстары туралы жарияланымға қатысты тексеру жүргізілгені хабарланды.
«Жақын маңдағы әскери нысанда жоспарлы атыс жүргізілгені, бұл туралы тиісті белгілер арқылы ескертілгені анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Полиция ескерту белгілерінің талаптарын сақтауға және белгіленген қауіпсіздік шараларын ұстануға, атыс жүргізіліп жатқан аумақтарға жақындамауға, өзіңіз бен айналаңыздағыларды қауіпке тікпеуге шақырады», — делінген сауалға берілген жауапта.


