Петропавлда техникалық қызмет көрсету станцияларының біріне қатысты алаяқтықтың 37 эпизодына күдікті ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Polisia.kz-тің мәліметінше, тергеу деректері бойынша, өткен жылдың тамыз айынан бастап азаматтар СТО-ға жүгініп, автобөлшектер мен автокөлік жөндеу қызметтеріне ақша төлеген, алайда бірқатар тұтынушыларға қатысты міндеттемелер орындалмаған немесе толық орындалмаған. Келтірілген шығын көлемі көбінесе жүздеген мың теңгені құраған, ал бір эпизод бойынша 1,5 млн теңгеден асқан.
Автокөлік иелері жөндеу мәселелерін тікелей шешуге үміттеніп, құқық қорғау органдарына бірден жүгінбеген. СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері түскен өтініштерді салыстырып, алаяқтықтың сериялық сипатын анықтап, күдіктінің ізіне түскен.
Ведомство: «Станция жұмысын нақты ұйымдастырушы 26 жастағы қала тұрғыны болғаны анықталды, дегенмен оның директоры ресми түрде басқа адам болған», — деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған. Қылмыстық істе алаяқтықтың 37 эпизоды тіркелген. Полицейлер жәбірленушілердің шеңберін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.


