Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйелдің өлімі тергелуде. Ол шұғыл госпитализациядан кейін көз жұмды. Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға жолдың нашарлығынан болған – жедел жәрдем көлігі бұзылған жолмен бір жарым сағаттан астам жүрген. Осыдан кейін билік аталған жол учаскесін жөндеуге уәде берді, деп хабарлайды infohub.kz.
Қайғылы оқиға Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында болды. Туыстарының айтуынша, 3 шілде күні кешке 34 жастағы Дарима Сагдееваның (ол жүктіліктің соңғы айларында болған) жағдайы кенеттен нашарлаған. Әйел есін жоғалтқан, содан кейін дәрігерлер шақырылған.
Марқұмның күйеуі Азамат Сагдеевтің сенімі бойынша, әйелін ауруханаға тезірек жеткізсе, қайғылы жағдайды болдырмауға болар еді. «Түнгі сағат 12-де жедел жәрдеммен оны аудандық ауруханаға – Пресновкаға апарды. Мен өз көлігіммен жедел жәрдемді ертіп жүрдім. Жүргізуші баяу жүрді. Бірнеше рет тоқтадық. Мен неге сонша баяу келе жатқандарыңды сұрадым. Ол әйелімнің әрбір шұңқырда ауырсынудан айқайлағанын айтты. Айымжан ауылының маңында екінші жедел жәрдем – реанимобиль күтіп тұрды. Әрі қарай әйелімді сонымен апарды. Бұзылған жолмен 37 шақырымды бір жарым сағат жүрдік. Ауруханаға жеткіздік. Бірақ таңғы сағат төртте әйелімді құтқара алмағандарын айтты», – деді ол.
Оның айтуынша, дәрігерлер тасымалдау кезінде әйелдің жүрегі екі рет тоқтағанын хабарлаған. Өлімнің себебі – жатырдың жарылуы және ішкі қан кету. Баланы да құтқару мүмкін болмады.
Марқұмның әкесі Марат Рахметовтің айтуынша, Дарима оның жалғыз қалған баласы болған. «Бұл – менің жалғыз қызым. Ұлым болған – ол қайтыс болды. Сосын әйелім өлді. Енді қызымнан да айырылдым. Дарима күйеуімен қалада тұратын. Мен жалғыз қалған соң, олар ауылға көшіп келді. Үш жыл бойы олармен бірге тұрдым. Қызым мұнда мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Барлығы оны құрметтейтін. Енді екі немерем қалды. Оларға әлі болған оқиғаны айтқан жоқпыз. Аналары іссапарда деп айттық», – деді марқұмның әкесі.
Қайғылы оқиғадан кейін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Дарима Сагдееваның туыстары объективті тергеуді талап етіп, тек дәрігерлердің ғана емес, науқасты тасымалдаған жолдың да жағдайына баға беру керек деп есептейді.
Жоғары резонансты оқиғадан кейін өңір билігі Пресновка – Кайранколь автомобиль жолын жөндеуге басымдықты қаржыландыру бөлінетінін мәлімдеді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кенесовтың хабарлауынша, жұмыс үш кезеңнен тұрады. «Қазір жұмысты үш кезеңмен жүргіземіз. Бірінші кезең – Кайранкольдан Украинское ауылына дейін, екіншісі – Украинскоедан Благовещенкаға дейін, одан кейін Пресновкаға дейін. Бірінші кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, сараптама қорытындысы алынды. Жақын арада мердігер анықталып, содан кейін жұмыс басталады», – деді ол.
Сонымен қатар, Жамбыл ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде бұзылған жолдың суреттері мен бейнежазбаларын жариялауды жалғастыруда. Марқұмның туыстары сот-медициналық сараптаманың нәтижесін күтуде, ол бір ай ішінде дайын болады.


