Ақмола гарнизонының әскери соты әскери қызметшінің талабын қанағаттандырып, тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әскери соттың ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, әскери қызметшінің ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ақмола аудандық пайдалану бөлімі» РММ-не қатысты тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі қаралды.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 9 сәуірдегі №16 шешіммен әскери қызметшіге Астанадағы пәтері болғандықтан тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартылған. Алайда бұл пәтер ипотекалық тұрғын үй қарызы арқылы сатып алынған және банкте кепілде тұр, ал қарыз бойынша міндеттемелер тұрғын үй комиссиясына өтініш берген кезде орындалмаған.
Іс материалдарын зерделей келе, сот тұрғын үй комиссиясы пәтердің ипотекалық несие арқылы сатып алынғанын және банк алдындағы орындалмаған міндеттемелерді ескермеген деген қорытындыға келді. Нәтижесінде комиссияның бас тарту туралы шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Жауапкерге талапкерді рапорт тіркелген күннен бастап тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеті жүктелді. Сондай-ақ жауапкерден мемлекеттік баж салығын төлеу бойынша сот шығындары өндірілді. Талап қою толығымен қанағаттандырылды, сот шешімі заңды күшіне енді.


