«Атамари» тұрғын үй кешенінің 350 үлескері бес жылдан астам уақыт бойы пәтер кілтін ала алмай келді. Олар ақшасын 2020 жылы салған еді, алайда құрылыс салушы өз міндеттемелерін орындамады. Нәтижесінде нысан ұзаққа созылған құрылысқа айналып, адамдар жылдар бойы баспанасыз және нақты мерзімсіз қалды. Бұл туралы бүгін елордалық прокуратурада хабарланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, созылған тарихқа сот арқылы нүкте қойылды: аяқталмаған нысан жаңадан құрылған тұрғын үй құрылыс кооперативіне берілді. Осыдан кейін кешен толық аяқталып, үлескерлер ақыры пәтерлерін алды. Сонымен қатар, прокурорлардың айтуынша, «Атамари» — мұндай жалғыз жағдай емес.
«Ағымдағы жылдың басынан бері соттар прокурордың 277 үлескердің мүддесіне 3,9 млрд теңге сомасындағы бір талап арызын қанағаттандырды. Үлестік құрылыс саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Елордалық прокуратура азаматтарды салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алар алдында homeportal.kz сайтында тиісті рұқсаттың бар-жоғын тексеруге шақырады», — деп атап өтті Астана қаласы прокурорының көмекшісі Динара Түкеева.


