Алматы тауларына шыққан екі жасөспірім белгіленген уақытта хабарласпаған. Құтқарушылар оларды Аюсай шатқалынан тауып, ата-аналарына тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқиға Алматының Бостандық ауданында, Үлкен Алматы шыңы маңында, теңіз деңгейінен шамамен 3680 метр биіктікте болған. Жасөспірімдер уағдаласқан уақытта үйге оралмаған соң, құтқарушыларға хабар түскен.
Анықталғандай, түнде жасөспірімдер тауға шығып, сол күні қайтуды жоспарлаған. Алайда белгіленген уақытта олар көрінбеген, байланыс болмаған, геолокация деректерін алу мүмкін болмаған.
ТЖМ баспасөз қызметі: "Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Іздеу барысында жасөспірімдер Аюсай шатқалынан табылды", — деп мәлімдеді.
Мамандар оларды таулы аймақтан алып шығып, ата-аналарына тапсырды. Медициналық көмек қажет болмады.
Ведомство ескертеді: "Тауға шығар алдында маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райы мен жер бедерінің күрделілігін ескеріңіз. Жақындарыңызға маршрут пен қайту уақытын хабарлаңыз, телефонды зарядтап алыңыз және жалғыз тауға шықпаңыз. Төтенше жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыз".


