Бала кезінде спортпен айналысқан әйелдердің бизнесте басшылық қызметке жету ықтималдығы жоғары, деп хабарлайды infohub.kz.

People басылымының жазуынша, e.l.f. Beauty компаниясы Parity платформасымен бірлесіп, Power of Women's Sports Summit 2026 саммиті аясында ауқымды зерттеу жүргізді. Сарапшылар АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Германиядан 9,5 мыңнан астам респондентпен сұхбаттасты. Назарда мектеп қабырғасында кемінде үш жыл спортпен айналысқан және мансабын жалғастырған әйелдер болды.

Нәтижелер көрсеткендей, мұндай қызметкерлер спортқа қатысы жоқ әріптестерімен салыстырғанда басшылық лауазымдарды 50%-ға жиі иеленеді. Сонымен қатар, бұрын спортшы болған әйелдер жоғары әкімшілік қызметтерге 37%-ға жиі ұмтылады және жалақыны көтеру туралы келіссөздерді 25%-ға белсенді жүргізеді. Респонденттердің шамамен 90%-ы жаттығуларда алған дағдылар олардың мансаптық өсуіне тікелей көмектескенін растады.

Есеп авторларының атап өтуінше, кәсіби рекордтарға жету емес, жарыстар мен командалық жұмысқа қатысудың өзі шешуші рөл атқарады. Физикалық белсенділік қыздардың тәртіптілік, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, стресске төзімділігін арттырады. Зерттеушілер алынған деректер қоғамды қыздарға арналған мектеп спортын белсенді қолдауға және дамытуға шабыттандырады деген үміт білдірді.