Тараз қаласының №2 соты есірткі таратушыға үкім шығарды. Ол психотроптық заттарды жасырын орындар арқылы таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Әр «закладка» үшін ол криптовалюта әмиянына 2 мың теңге алып отырған, деп хабарлайды infohub.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында ер адам Telegram арқылы белгісіз куратормен байланысып, есірткі таратуға келіскен. Ол жасырын орындардан бумаларды алып, Тараз қаласының әр жерінде жаңа жерлерге орналастырып жүрген.

2026 жылдың ақпанында ер адам Алматыдан құрамында α-PVP бар 37 зип-пакеттен тұратын буманы алып, Таразға жеткізген. Ол бумалардың бірін Шаңырақ шағын ауданындағы жасырын орынға қойғаннан кейін полиция қызметкерлері оны ұстады. Тінту кезінде одан 11,58 грамм психотроптық зат алынды.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы мүлікті тәркілеумен 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Прокурор амнистия Заңын ескере отырып, ер адамға 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

«Сот ер адамды ерекше ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алу және сақтау, алдын ала келісім бойынша адамдар тобымен жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Амнистия Заңын ескере отырып, түпкілікті мерзім 4 жыл 8 айды құрады», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін «Курсив» Көкшетауда закладка таратушы отбасының сотталғанын жазған болатын. Небәрі алты күн аралықпен 20 жастағы қыз бен оның әкесіне үкім шығарылды. Қызға нақты мерзім тағайындалса, 30 бума синтетикалық есірткімен ұсталған әкесіне жазаны өтеуді кейінге қалдыру қолданылды.