Таразда 1300 орынға арналған заманауи салтанат сарайының құрылысы басталды. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердегі әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларының арқасында жүзеге асып жатқан жоба, деп хабарлайды infohub.kz.

Болашақ нысанның іргетасына капсула салу рәсімі Балауса шағын ауданында өтті. Жобаның құны 18,5 млрд теңгені құрайды. Кешеннің құрылысына 5 гектар жер бөлінген, ал негізгі ғимараттың ауданы 13 мың шаршы метрді құрайды.

Жобада 1300 орындық көрермен залы, баспасөз орталығы, конференц-залдар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Нысан заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелерімен жабдықталады. Мұнда концерттер, театрландырылған қойылымдар, шығармашылық кештер, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Жаңа кешен балалар мен жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, шығармашылық ұжымдардың қызметіне және жаңа мәдени жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді. Салтанат сарайын пайдалануға беру 2028 жылдың наурызына жоспарланған.

Рәсім барысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа нысанның Тараздың мәдени дамуы үшін маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет пен өнерді дамытуға, халыққа қолайлы жағдай жасауға және елдің рухани әлеуетін нығайтуға ерекше мән береді. Тарихы екі мың жылдан астам Тараз үшін мәдениет пен өнер әрқашан маңызды орын алған. Сондықтан заманауи мәдени инфрақұрылымды қалыптастыру — маңызды міндеттердің бірі. Салынып жатқан салтанат сарайы қаланың мәдени өміріне жаңа серпін беріп қана қоймай, оның туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Жамбыл облысының тұрғындары атынан еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына көрсеткен назары мен маңызды жобаларды қолдағаны үшін шынайы алғысымды білдіремін», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ іс-шарада Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүніреков сөз сөйледі. Мәдениет қызметкерлерінің атынан сөйлеген Асылхан Шүніреков жаңа нысан шығармашылық ұжымдар мен жас таланттардың дамуына қосымша мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

Жамбыл облысы әкімдігінде қазіргі уақытта Тараздағы ең үлкен концерт залы 951 көрерменге арналғанын атап өтті. Ғимарат 1980 жылы салынып, 2017 жылы қайта жөндеуден өткен. Жаңа салтанат сарайы ірі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған заманауи әрі кеңірек алаңға айналады.