Стратегиялық серіктестердің III форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Университетімен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы айтты. Мемлекет басшысы форумның басты оқиғаларының бірі ретінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Университеті арасында Қазақстанда БҰҰ Университетінің өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қойылуын атады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Оның Алматыда орналасуы Қазақстанның ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалғанының маңызды дәлелі болып, басқа да білім және ғылым құрылымдарымен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осылайша біз жоғары оқу орындарымыздың әлеуетін де нығайтып, мықты академиялық институттарды құру мен дамытуға қуатты серпін береміз», — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «мықты университеттер — болашақтың негізі» екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің технологиялық дербестікке жету қабілеті ең алдымен білім мен ғылымдағы ілгерілеуге байланысты.

«Сондықтан біз жастарымызға сапалы білім алуға, ғылыми зерттеулермен айналысуға және өз идеяларын жүзеге асыруға барлық мүмкіндікті жасауымыз керек. Бұл — ұлттың интеллектуалдық қабілетін ашуға қажетті шарт. Конституциямызда бекітілген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, біз ілгерішіл, болашаққа ұмтылған және өркендеген мемлекет құруды жалғастырамыз», — деп қосты президент.