Түркістанда облыстық балалар ауруханасының базасында балаларға арналған өңірлік мамандандырылған кардиохирургия орталығы жұмысын бастады. Мұнда Түркістан және Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының жас пациенттері жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанболат Ділдәбеков мұндай орталықтың ашылуы туа біткен жүрек ақауы бар балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Енді Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкенттен туа біткен жүрек ақауы бар балалар үйіне жақын жерде жоғары мамандандырылған кардиохирургиялық көмек ала алады», — деді ол.

Жаңа орталық құрамында кардиохирургия, кардиореанимация бөлімшелері және заманауи операциялық блок жұмыс істейді. Мұнда жылына жүзден астам күрделі операция жасау жоспарлануда.

Ділдәбековтің айтуынша, бұл өңірдің кішкентай пациенттеріне жоспарлы да, шұғыл да көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ 2014 жылдан бері Түркістан облыстық балалар ауруханасында туа біткен жүрек ақауы бойынша 3,4 мыңнан астам операция жасалғанын еске салды. Қазіргі уақытта балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде ашық жүрекке жасалатын күрделі оталарды қоса алғанда, жылына жүзден астам операция жасалады.

«Жаңа орталықтың жұмысы жүрек ақауларын ерте анықтауға, сондай-ақ балаларды уақытылы емдеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ол.

Бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда ашық жүрекке 13 мыңнан астам операция жасалып, жүз жүрек трансплантациясы орындалғаны хабарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім соңғы бес жылда үштен бірге төмендеген.