Астана тұрғыны Түркияға сапар шегуді армандап, алаяқтың құрбаны болып, 600 мың теңгесінен айырылды. Оқиға ер адамның виза рәсімдеуге көмек сұрап, делдалға жүгінгеннен кейін болған, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазақстан астанасында интернет-алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Полиция мәліметінше, 28 жастағы күдікті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтарға Түркияға виза рәсімдеу қызметін ұсынған.
Полициядағылардың айтуынша, алаяқ жәбірленушінің сеніміне кіріп, құжаттарды дайындау және виза рәсімдеу шығындарын жабу қажеттігін алға тартып, одан алдын ала төлем алған. Алайда ол өз міндеттемелерін орындамаған. Ақшаны алғаннан кейін күдікті әртүрлі сылтаулармен уәдесін кейінге шегеріп, кейін мүлдем байланысқа шықпай қойған. Нәтижесінде жәбірленушіге 600 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің тұлғасын анықтап, оны ұстаған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция азаматтарды интернет арқылы ұсынылатын қызметтерді пайдалануда барынша сақ болуға шақырады. Виза рәсімдеу, жұмысқа орналасу немесе басқа да ақылы қызметтер үшін алдын ала төлем аударар алдында қызмет көрсетушінің қызметінің заңдылығы мен сенімділігіне көз жеткізу қажет. Күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз, тек ресми ұйымдар мен лицензиясы бар агенттіктерге жүгініңіз.


