Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Ұлы дала ұлықтаған-ұлы Абай!

Абай Құнанбайұлы-ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлтының жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін "Абай әлемі" деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Ұлы Абайдың туындылары мен қанатты сөздері ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге танытып, қазақи тұрмысымыз бен асыл қасиеттерімізді жарқын жолға қоя білді. Абай мұрасы шетсіз де шексіз әлем. Оны оқыту арқылы жас буынды имандылыққа, адамгершілікке баулимыз. Ұлттық сананы сақтау мен оны заман талабына сай бейімдеу қашан да өзекті. Кемел болашаққа бет алған жаңа Қазақстанның тың серпілістерімен биіктерге көтерілуі қажет. Ал, бұл жолда ұлы дананың ой-тұжырымдары бізге жол көрсете алады, рухани азық болады. Үкілі үмітті ақтайтын азаматтар да дана Абайдың мұрасымен тыныстап келеді. Ғұлама Абай-қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушіміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады. Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы-қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, діл мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де мәні мен мағынасын жоғалтпайды. Өйткені, ақынның мұрасы-бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Дана Абайдың ұлылығы мен қадірлілігін мойындаған әлем халқы ақынының шығармаларын ұлықтап, әр туындысының түбіне теріңінен бойлауда. Бейбіт елдің тұрғындары-ақиық ақынды дәріптеу жолында аянып қалған жоқ. Осы сөзімнің дәлелі ретінде-Өзбекстан, Қытай, Германия, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінде ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап ашылған мұражайлар мен көшелерді мысалға алсам, артықтық етпес. Сонымен қатар Еуропа бөлігінде орналасқан Берлин қаласында "Абай оқулары" байқауының өткізілуі, әйгілі Түркия мемлекетінде "Абайтану" оқулығының енгізілуі- рухымызды биіктете түсті. Абайдың шығармалары-замана тынысы. Оның туындыларымен сусындап өскен жанның-кемел келешекке қол жеткізетіні айдын-анық. Себебі, ұлы Абай қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясатын қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін ендігі жерде ел болудың кепілі-дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Енді сол жолда бірігуге, ынтымақтасуға шақырды. Уақыт талабының заманынан оза шауып түсу-Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Абай өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Абайды әлемге паш еткен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өз мақаласында:"Абай поэзиясы-қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Тек қана Абай өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Ұлы ақын Абайдың қазақ әдебиетіне XIX ғасырда және XX ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп ұғыну арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен",-деп ерекше баға беріп кетті. Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі тоймай, "Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап" деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында. Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына айрықша үн қатты. Ұлы ойшыл әр қанатты сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Біздер елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Себебі, өркениет-дана ғұламаның бастамасымен ғана тереңге жаяды. Кешегі мылқау, күңгірт дүниеде жалын боп жанып, жарқ етіп өшкен- Абайдай ұлы тұлғаға айтарымыз-қабыл аламыз асыл сөздеріңізді, көзіміздің қарашығындай сақтап, ұлы елдің ұрпақтарына табыс етуге сөз береміз! 175-ке келді Абай бабамыз, Біздер үшін құрметті ғой данамыз. Оқысақ біз ұлағатты сөздерін, Кеңейеді, өрістейді санамыз. Ұлы тойды тойлап жатыр жер шары, Қазағымның болмас деймін арманы. Бар ғаламға таныс еткен қазағын, Есте сақта :Абайдай ұлы дананы!!!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама