Үлкен жүрек
Таңертеңгі қоңырау соғылды. Класқа жапырлай кipген балалар тегіс орындарына отырды. Мұғалім келгенде олар әдеттегідей орындарынан тұрып қарсы алды. Кіріп келе жатып-ақ мұғалім Жанардың көзі алдыңғы партада бір баланын. жоғын байқады. Класс іші күрек тісінің бірі түскен кісінің аузы сияқтанып омырайып қалғандай. Тары Нұрлан жоқ. Мүмкін тағы да кешіккен болар. Бірінші кластан бері оқытып келе жатқан төрт жылдың ішінде Нұрланнан мұндай нәрсе байқалмап еді. Нұрлан кеше де, бұрнағы күні де сабақ басталып кеткен соң келді. Жанар оны тұрғызып қойып, неге кешіккенін сұрап еді: ол үндемеді, ештеме айтпады: «Кешігіп қалдым, кінә өзімнен» дегеннен артыққа бармады. Жанар бұл сабаққа да даярланбаған шығар деп сұрап көріп еді, сабақтың бәрін айтып берді. Үйге берілген жазу, есеп жұмыстарын да тап-тұйнақтай етіп орындапты. Барлығы да әдеттегіден бес қоярлық.
Мұғалім ойға қалды. Үйінде басқа жағдай болып қалды ма екен? Бірақ ондай кірбің шәкірт қабағынан байқалмайды. Тіпті осыдан үш күн бұрын ғана Нұрланның әкесі де, шешесі де Жанарға келіп жолығып кетті. Мұғалім осындай ой үстінде отырып балаларды түгендеп, тізімнің аяғынан шыққанын да білмей қалды.
Нақ осы кезде есік тық-тық қағылды. Алдыңғы партада Нұрлан жанында отыратын Гүлнар «Нұрлан шығар» деп өзіне өзі сыбыр етті. Шәкірттердің барлығының көзі есікке қадалды. «Рұқсат» деген мұғалім сөзін естіген Нұрлан кіріп келе жатты. Екі бетінің ұшы далаптап қойғандай қан ойнап тур. Өзі әбден терлеген, ентігі де басылмағанына қарағанда жүгірген болуы керек, Демін екі иығынан алады. Мұғалімге де, шәкірттерге де қарамайды.
Оқушы кірген.күйінде есік алдында турды. Мұғалім отыр деген жоқ.
— Нұрлан неге кешіктің?—деп сұрады ол. Оқушы мұғалімге тіс жарып сөйлемеді. Класс іші құлаққа ұрған танадай тынды. Балалардың көзі Нұрланға өтіп барады. Бәрі де оның кешігуін айыптайтын сияқты. Қалай айыптамасын, оқушылардың сабаққа кешігіп келу сағаты көбейіп келеді ғой. Алдыңғы парта сықыр етті де Гүлнар қолын көтерді. Жанар Гүлнарға қарап:
— Гүлнар, айта ғой,— деді. Ол тамағына бірдеме тығылып қалғандай, жұтқынып та, жөткерініп те алды. Сонан соң Нұрланды бүгін көргенін айтты.
— Нұрлан бір қолында портфелі, бір қолында толған қапшығы бар, магазиннен шығып бара жатқан. Мен троллейбустен көрдім. Оны үй-іші магазинге жұмсаған болуы керек.
— Үйім мені еш жаққа жұмсаған жоқ, сен мені қорғап алмай-ақ қой,— деді Нұрлан аузын бұртитып.
Мұғалім Нұрлан жайын одан әрі қазбалаған жоқ, онымен кейін жеке әңгімелеспек болды да сабақ бастады.
Үзілісте Жанар шығып бара жатып оқушылардың Нұрланды ортаға алып, бірдемелер айтып жатқанын байқады. Кластан шыға беріп Жанар Нұрланның әкесі Төкенді көріп, таңданып тұрып қалды. Өзінің табиғатында кішкентай Нұрлан әкесінің аузынан түсіп қалғандай. «Кішкентайлығы болмаса құдды түйе» демекші үлкендігі болмаса Төкен де нақ Нұрлан дерлік. Бұл да терлеп-тепшіп, ентігіп кеткен, Қатты келгенге ұқсайды. Тура таңертеңгі Нұрланның келісін аңғартқандай. Жанарды көре салып амандықтан кейін айтқаны «Нұрлан сабақта бар ма?» болды.
— Бар, бірақ соңғы үш күн бойы кешігіп келіп жүр.
— Біз ешқайда жұмсағанымыз жоқ,— деді ол ақталғандай. Төкенмен бірге кызмет істейтін біреу «Нұрланды үлкен қапшықпен көргенін» айтқан да, содан Төкеннің тағат таппай мектепке соққаны осы екен. Жанар бұдан әлдеқандай сыр ұқты. Содан Нұрланды шақырып Төкен екеуі ортаға алып, мұғалімдер бөлмесіне кіріп кетті...
Соңғы сабақтың аяғында Жанар Нұрланның неге кешіккенін балаларға айтып берді,
...Күнде Нұрлан сабаққа бара жатқанда қора ішінде қыдырып жүретін, әрі кейде әңгіме айтып, Нұрланды біраз жерге шығарып салатын пенсионер Сәлиман шешей далада көрінбей қалды. Ол тіпті күндіз де, таңертең де көзге түспеді. Сонан соң сабаққа кетіп бара жатып Нұрлан Сәлиман шешейдің халін біле кетуге кірді. Шешей төсегінде сұлық жатыр. Ерні кезеріп, орнынан тұра алмайды. Үйіндегі тамағы да, сүті де таусылған. «Менің Жомартым майданда қаза болмаса, оның да сендей ұлы болар еді-ау!» деп күнде басынан сипайтын шешесінің жалғыз екені іші-баурын елжіретіп жіберді... Кішкентай Нұрлан үш күннен бері шешейдің «Сабақтан қалып қойма» дегеніне қарамай оған магазиннен тамақ әкеп беріп жүр екен. Мұғалім осыны айтып болды да:
— Қалай, Нұрланның кешігіп келгенін кешіреміз бе, балалар,— деп сұрады.
— Кешіреміз,— деп балалар шу ете түсті. Ал Нұрлан жанында отырған Гүлнардың көзінің жасы партаға тырс-тырс тамып кетті. Жанар кішкентай Нұрланның үлкен жүрегі туралы ұзақ әңгімеледі.
Ертеңіне түстен кейін жанына екі жолдасын, Гүлнарды ерткен Нұрлан Сәлиман шешейдің үйіне кіріп бара жатты.
1963