Ақтөбеде полиция департаменті ғимаратының алдына ұлттық киім дүкеніне қатысты алаяқтық ісі бойынша зардап шеккендер жиналды. Олар тергеудің барысына наразылық білдіруде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Зардап шеккендердің бірі Әсел Дуйсова былай деді: «Олардың жарнамасында бес жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқаны, дивиденд төлейтіні айтылған. Айталық, сен ақша саласың, саған 20 пайыздан жоғары дивиденд береді. Маған олардың әшекейлері, өндірісі, ұлттық стильдегі бұйымдары қызықты болды. Мен пайызға образ алу үшін ақша салдым».

Адвокат Нұрболат Қамысбай схемаға кемінде төрт адам қатысқанын мәлімдеді. «Біреуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалғандары іс бойынша куәгер ретінде өтуде. Ал төртеуінің де рөлі айқындалған. Әрқайсысының өз рөлі бар. Бұл ұйымды бір адам басқарған. Олар пайда тауып отырған, яғни топтың тұрақтылығы болған», — деп түсіндірді ол.

Ұлттық стильдегі киім мен әшекейлер сататын дүкен ақтөбеліктердің ақшасын тартқан. Сатып алушыларға брендтің инвесторы болуды ұсынып, 20 пайыз және одан жоғары табыс уәде еткен. Төлемдер ай сайын жүргізілуі керек еді, ал бонус ретінде ассортименттен кез келген тауарды таңдауға болатын. Алайда көп ұзамай төлемдер тоқтаған.

Полиция мәліметінше, зардап шеккендер ретінде 68 адам танылған. Жалпы шығын алдын ала есептеу бойынша 100 млн теңгеге жуық. Құқық қорғау органдары кінәлілер жазаланатынын сендіруде. Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиев: «Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Аталған дүкеннің негізін қалаушыға қатысты сот бұлтартпау шарасын қолданды. Сондай-ақ қылмыстық іс бойынша бес адам күдікті деп танылды, оның ішінде дүкен негізін қалаушының туысы мен құрбысы да бар», — деп хабарлады.

Бұған дейін Ақтөбе қалалық полиция басқармасы ұлттық брендті дамытуға инвестиция тартуға байланысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған болатын. 2024 жылдың басынан бастап аймақ тұрғындарына Instagram арқылы ұлттық стильдегі киім мен аксессуарлар сататын дүкеннің қызметі туралы айтылған. Дүкеннің парақшасында жоғары табыс уәде етіп, инвестиция салу мүмкіндігі туралы ақпарат орналастырылған. Сол кезде 8 зардап шеккен болған, шығын көлемі 72 млн теңгеден астамды құраған.