Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Үркек керім

 (Шолпанға)

Құштарлықтан арылғандай еді, пәндәуи тірліктен де айыққандай еді. Мынауысы қалай, жүрегінің түбін бойлап, жаны жылай ма..? Әлде жүрегі жанына бұйрық етпек пе? Ол бұйрыққа Ақан көнбек пе? Тағдырдың сән-салтанатына да, қиғаш тартып опық жегізген заһарына да көніп еді ғой. Жүрегінің дәл осы тұстағы беу-беулеген, жанының сыңсыған күйін тыңдағысы жоқ. Елегзіген көңілді елемеген болады. Тыңдап бір көрсе ... Сері Ақан тағы талпынбақ, талпынып көктегіні қармап бір көрмек. Тағы да жылатпақ па екен тағдыры, кім білсін... Ноқатқа қадалған қалпы сілейіп отыр. Есейген күйдің күйігі басқашалау болғанын ұқты. Өмірдің көбі кетіп, азы қалды, -дейді санасы. Бірақ серінің кеудесіне сыймай аталақтап тұрған жүректің тентек қағысы бой бермей, ырыққа көнбей тыншыған көңілдің қанын басқа шаптырып ұғар емес.

— Жоқ! — деді сілкініп. Томағасын сыпырып, қомданған қырандай отты жанары жарқ еткен. — Жеңілгем! — дейтін. Дәл бұл жолы жеңілгісі жоқ. Талас-тартыстың шегі бар. — Жетер! — деді өзін-өзі тұқыртып. — Мен осы тағдырдың тауқыметіне бір тоймай-ақ қойдым-ау, -деді іштей ызалы, өкпелі кекесінмен. Кекесінмен көміліп қалған мысқыл күлкі жүзінен біразға дейін кетпей қалып қойды. Бірақ уайымның көлеңкесі мен өкініштің табы анық сезіледі. Әдетте, өзгеге мысқылмен, кекесінмен қарайтын сері бұл жолы өзін де аяп отырған жоқ. Бәлкім, жүзіне таңба салған жаңағы ызғар қасірет табы мен ұлыған жанының өкініші болар.

— Айналайын... деп қалды. Мейірленіп, өзегі өртенгендей бұла күйге түсіп, — Айналайын... — деді тағы ап-анық.

— Мойылдай дөңгеленген қара көз... тұп-тұнық шарадан төгіліп кетердей-ақ мөлдірейді-ау... Жалаңаштанып, ләззәтқа елітіп мөлдіремейді, тұңғиыққа тығылып, сырымды ұғып көр, — деп жасырынып, үркектеп керіледі. Маңайындағы тіршілік атаулының тынысын әбден меңгеріп алғандықтан тырс еткен бөгде пейілден сақтанып, жан-жағын қадағалап, анықтамақ болып, сыр тартып елеңдейді. Сұңқардың сұлу балапаны дерсің. Адам жаратылысынан-ақ осындай сұлу болады екен-ау. Бұл сұлулық — көңілді сергітер сұлуық болмай тұр. Бұл Ақанға жабысқан әрі түсініксіз, әрі сергелдең бір күй болып енді.

Ақанның көзі тайсалмай сұлу суретпен арбасып, жақындауға дәті жетпей, ағынан жарылып айтпақ болса, үні жетпей таусылып отыр. Өзінен де сұлу, өзінен де таза, сымдай тартылған құлын мүшел Жамалды жүйріктей жұтынған серінің сезімі алып-ұшып қояр емес. Ойы әрнені бір түйіп, тоқтамын таппай сенделтіп отыр.

— Сенделген ойға береке бере гөр, — деп жалбарынады Ақан. Бұл сырын жан баласына білдіргісі жоқ. Өзге тұрмақ өзінен де жасырмақ болады. Бірақ мынау маздаған от жанын өртеп, алаулататыны қалай...

Тозығы жеткен түлкі ғұмырдан көңілі қалған, солған өмірге жан бітіремін деген ой, тіпті де болған емес. Бұрын сезімге елітетін, бағынатын, ырқынан шыға алмай домалап барып торына да түсетін. Ендігі сезім жөнсіз, қылықсыз, парықсыз.

Ақан өзінің елу төртке келгеніне емес, отты жанарына көлеңке түсіп, қабағына мұң қонғанынан қорықты.

— Бұл күй жастығымның күйінен өзгерек, — деп күбірлеп барып, жасырын күрсінді.

Жамал... Өзгеден ерек туған сүмбіл торы. Қозғалғаны — қалқығандай, жымиғаны — еліргенге тиым салғандай. Сыр білдірсем, үркітіп алармын. Сосын тіпті де маңына жуытпас. Олай болса, өшірдім үнімді. Бірақ, үнім өшкенімен жанымның сөнгісі жоқ. Білермісің осыны, қалқа бала...

Ақан аяқасты өзгеріп шыға келді. Қоскөлге неге келдім... Неге бақсының моласындай жалғыз өзім жұрттан алабөтен бөлініп, үйшік тігіп жападан жалғыз отырмын. Өзімді аямасам да мынау жалғыз ұл Ыбанды неге аямадым. Тіршіліктен қол үздіріп аулаққа әкетіп, қызығы таусылған өмірімнің қамытын енді бұған кигізбекпін пе?

Ойымың үнемі екіге бөлінетіні қалай? Қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс екенін дөп баса алмай, жүйелі ой жүйесіз қалып, абдырайтыным не. Неге екіге жарылып, бөлінемін де тұрам... Егескен өз ойыма өзім төреші болып таусылатыным не..? Неге қиянға самғап кетіп, құлдилап төмен құлаймын, неге сүйіп тұрып әпсәтте басқаны көксеймін. Неге барды көріп тұрып, місе тұтпай жоққа құлаш сермеймін.

Сері көңіл уәде еткен Ақтоқтыдан айнып, Ұрқияға құмары ауып, алып қашпақ еді сол түні. Сол түнгі байлам қиянат па еді, әлде...Ақтоқтыны ренжітпегенде, уәдеге берік болғанда тағдыры талқыға түспес пе, еді...

— Ақан аға!

Сол жолғы ап-анық, тұп-тұнық дауыс Ақтоқтынікі болатын.

— Аға! —деп қадала тоқтады.

— Рас па, осы сөз?

— Рас! — деді тайсақтауды жөн көрмейтін сері. Тінәлі қажының қызы екені де рас. Сұлуға өлең арнағаным да рас. Бүгін түнде құшағыма өрт алғандай қашатыным да рас.

— Неге жұмбақтап тұрсыз? Таңдауыңыз Ұрқия болғаны ма? Солай ғой... — деп қалды дірілдеген демін ішіне жұтып. Ақан Ақтоқтыны тұңғыш көргендей көзін алмады. Қанша рет кездесуге шақырып, оңашада қалмақ еді. Жылы шырай бергенімен, уәдеге сараң Ақтоқты әзілге жеңдіріп, тағатсыз талай күттірген. Сырласқан сырбаздығы болғанымен, паңдығы басым түсетін бірбеткей еді, ғой бұл тоты.

Әппәқ... бүрме етегі желсіз түнде желбіреп көктен түскендей әдемі-ақ еді. Ақ маңдайын қақ жара тараған шашын әлсін-әлсін сипап, мұның шешіміне келіспейтіндей ме, қалай? Келіспейтінін ашық айтуға келгенде іштей тығылып, булығып тұрған сияқты. Неге айтпайды ашығын... Неге сүйемін деп жығылмайды Ақанға... Осы уақытқа дейін бір рет, тым болмаса бір рет жылы сөз, ізетті қылық көрсетіп сендірмеді ғой серіні.

— Сері аға, лаулаған өсектің ортасына тастап кетіп барасың, — деді көзін төмен салып. Онда несіне айттың бұл сөзді... «Бал бердің талай жерде тіліңменен» Қиялдан шыққан бөтен сөзді бекер айттыңыз, сол жолы? Тіпті де солай болып па еді... Арамызда жыр болғанымен, сыр болғанымен, бірге өткізген түн болмап еді ғой. Енді не айтады бұ жұрт..?

— Бұл ер жігіттің сезімге мас болған сөз төркіні, қалқам.

— Сөз төркіні емес, — деді тентек серіге тиым сала зілденіп. — Өміріме өксік болып жабысқан парықсыз, сәнсіз, анайы сөз болып шықты, Ақан аға.

Өз деміне өзі тұншығып, қыз бұрылып түнге сіңіп кетті. Кейіп кеткен күйінен аңғарғаны — Ақанның енді бұған көк тиындай да қадірі жоқ. Ақтоқты жас толған жанарын жасырғанымен, күйініп айтты жаңағы сөзді.

— Қиянат! — деді Ақан жүзін жерге салып.

— Расымен-ақ, өлең сөздің ермегіне елітіп, айта салу қиянат екенін енді ұғып отыр. Қиянаттан өрілген тағдырының ащы дәмі ме екен, жанын жегідей жейтін... Серілік құрып жүрген дәурені қиянатқа толы ма, кім білсін?

— Сайдалының асында үш жүз аттан оза шауып, жеке дара құстай ұшқан Құлагердің шылауынан неге ұстайсың деп Барақбайға тіл тигізіп ем... Аянбай, айыбын бетіне басып, кергіген кеудесін тәубасына түсіргендей-ақ едім. Көп көзінше ұялды, кінәсін ұқты деп бопсалаппын, ол жаман менен ала алмаған өшін Құлагерден алды. Еш міні жоқ жануарым, тұлпарым ойда-жоқта қызғаныштың қызыл итіне таланды. Қарақшының қанды қолынан мерт болды. Тексіздің кегі де тексіз... Ақан күрсінді.

Санасына жылт етіп құйылған сөзге жан бітіріп, күбірлеп, қайталап айтты. Бақса, әр сөзі жанының үні екен. Жан қиналса — улы тіл, шерлі күй, ащы запыран бірге сыңсып күңіренген қобыздың сарынындай ұзаққа дейін беу-беулеп, талып естіледі де тұрады. Жан жүдесе — зарға ұласады.

Ақан үзіліп қалған ойын жалғастырмақ болды. Жамалды, жас Жамалды есіне алып, жүдеген жанын жадыратпақ. Қызығады, қызыққаны бойына қуат беріп, суынған жүрекке ыстық қан құйылады. Сөнген, өшкен сезімді есіне қайта салып, өзін-өзі желіктіргісі келеді.

— Көзіме қайдан түстің қалқа бала — дейді. — Өзгеге ұқсатпай, тәңірі қалай ғана сұлу жаратады, сүйген пәндәсін. Жанарыңа қарауға бата алмай, мүсініңе сыртыңнан ғана сүйсініп, алыстан армандап ынтығам. Бата алмаймын, жүрегі шайлыққан кәрі қырандай. Жатырқаған жанарымды мінсіз келбетің маңайлатар емес.

Сен көркемсің, пәксің. Сондықтан болар жарығым, үркексің. Сұлулық пен пәктікке ұмтылып, ұрын келетін суық қолдан сақтану үшін де Үркектік керек.

Ақан Қоскөлдің бойындағы ағаш үйінен атып шықты. Жүрегі алқымына сыймай тулап тұр. Қыр басына көз шалды. Кейде ел жақтан жайсыз әңгіме келерде, жүрегі шіркін әмір таптырмай, осылай тулайтыны бар еді. Осындай сәтте өзінен-өзі дүр сілкініп, ат басын еркін салып жүріп кетеді.

Сырлы Сырымбет ғажайыбымен серіні құшағына алады. Бұл да Сырымбеттің керіліп жатқан сұлу қойнауына еніп, мастанып, мауқын басады. Білеу-білеу болған барқыт белдерге көзі тоймай, сүйсініп ұзақ қарайды. Көлеңке түскен сайын Сырымбет жайлауы тіпті құбылады. Сұлудың үстіндегі дүрия бешпеттей күн түссе сәулеленіп, күнгейге ілінгенде қоюланып мың сан түске енеді.

Ақан Сырымбетті ат үстінде аралаған емес. Жаяу серуендеп, тамылжыған суретпен сері бірге үндесіп, ұғысқандай. Қалың тоғай ішінен құс біткен әр дауыспен шықылықтап сайрай жөнеледі. Серінің тоғайға аяқ басып енгенін естіп шырылдай ма, әлде күндегі өз әуендері ме? Әйтеуір Ақан көңілін қуаныш кернейді. Жымиып, көз ұшын көкке емізіп, Ақан қарағай мен жымдасып өскен ақ қайыңға қызыға ұмтылады. Сайраған құстың көркін көргісі келіп, сарыла іздейді. Бірақ таппайды, сері Ақан.

Сырымбеттен Жамалды кездестірсем, — дейді. Жүсіп төренің қонысы жайлаған осы тұста кездестіріп еді-ау, жас қалқаны. Сымдай тартылған сұлудың келістісін Ақан, Ақан болғалы алғаш көруі. Тал шыбықтай бұралып, сүмбіл шашы төгіліп, айдында сырғыған Аққуға балаған. Сипатын жұмақтағы Хорлығайын деп таныған. Өзімнен басқа ешбір жанның көзіне түспесе екен деп тіледі, сол жолы. Іштей күбірлеп, — Менікі бол, мендік болсаң қайтеді, жан қалқа! —дегенде, жанарына жас іркілді. Өзегін ашытып шыққан бұл жас, Құлагер жығылғанда келіп еді көзіне.

Өкініп еді Құлагердің қу басын құшақтап отырып.

— Неге әкелдім, неге келдім, Ерейменге ажал айдап. Бота тірсек, қыз сағақ сандал керім, — деп зарлап еді-ау... Дос болған, олжа болған Атығай-Қарауылға мақтан болған Құлагердің өлген жерін көргенде өксікпен бірге қолқасына кептелген жас еді бұл. Содан бері Ақанның көзінен жас шықпаған.

Сырымбетке неге келді, Ақан..? Құлагерін сағынды ма, құлақызды іздеді ме, кеткісі жоқ. Жамалдың да тал бойы Құлагердің сағағындай сұлу. Сымбатына көз сүрінер. Құлагерден айырылған сері

Жамалдан айырылғысы жоқ. Ол келіссе, үкі тағып, бауырына басқысы бар.

Суырылып тау ішінен шықты да Сарыкөлді жағалап Қоскөліне бет түзеді.

* * *

Кеш бата иесіз үй тіпті көңілсіз. Күндіз маңайда уілдеп, азынатып ойнап кететін Ыбан босағадан аттай бере тіксініп, тұрып қалды. Әкесі көрінбейді. Иесіз қара домбыра сүйеулі қалған, Ақанның ілулі киімі сол қалпы. Өзі жоқ.

— Қайда кетті екен...? Бәлкім, маңайда болар. — Ыбан маңайға көз тастайды. Қыбыр еткен жан баласы жоқ. Уілдеп іздеген болады. Тым-тырыс. Балалығы болар, кеш түссе жанына үрей қоса кіргендей көңілсіз болады. Үйі үңгірге айналғандай, үрейлі. Жалғыз кіруге беттемей, ұзаққа дейін далада отырды. Ыбан қас қарайғанға дейін әкесін күтті. Көңілінде алаң, бойында діріл бар. Күндізгідей емес, әсем табиғат көз алдында қартайып, шөгіп, түнге жұтылып барады.

— Аға...м... — дегісі келеді. Ағам аман болса екен, — дегені шығар. Ыбан да сұлулықты таниды, талғамы ғажап, ойы жүйрік. Әр-нәрсеге қызығып, балалыққа салынған емес. Оның көңілі әкесінің қабағында. Нағашылары қожа болғандықтан ба, қабағы биік, көздері ботанікіндей үлкен, тұңғиық. Қараторының сұлуы, тартылып, өсіп келеді. Кейде түксиіп, кейде тіксініп, кейде еркелеп отырса-дағы аңдығаны Ақан.

Ыбан әзілдегенде Ақан ішек-сілесі қатып күледі. Оған қосылып, өзі де саусақтарымен, бет-қимылымен әдемі әңгіме дүкен құрады. Сосын құшағын ашып, Ыбанды өзіне шақырады. Күн иісі шыққан толқын шашының арасын емірене иіскеп отырып, көзін жұмады. Жұмған көзін ашса, жас төгілмек. Ыбанға жас көрсетуге болмайды. Көзінің жасын ішіне жұтып, Ыбанға сыбызғы тарт деп қолқа салады. Ондағысы өз күйін жасырып, сыбызғының үніне елітіп отырғандай болмақ.

Ақан қосқа жақындай бере аттан түсіп, қараң-құраң етіп жатқан бейтаныс екі-үш адамды аңғарды. Бейуақыттағы бұл жүрістері не? — деді іштей. Қоста жалғыз қалған Ыбанды да ойлап келеді.

— Ақан аға, біз ғой... — деді таныс үн. — Жамал елден кетпек, атастырылған жеріне ұзатылғалы жатыр...

— Әнеукүнгі сөзімді жеткізбеп пе едің? —деді Ақан көзіне қан толған дүлей күшке төтеп бере алмай.

— Сол жолы-ақ жеткізгем, Ақан аға. Бірақ... — Ақан бозбаладан енді тілдесіп ештеңе сұрамаса да, жүзі жауап күткендей сұраулы қалған. — Жамал, сіз шығарған өлеңді де, әнді де естіп жүр екен. «Ақан ағам маған күйеу боламын деп жұртқа қадірін кетірмесін. Аға болсын! Күйеудің қадірі бірде артса, бірде өзіммен теңеседі. Аға — өмірбақи қадірлім, — дегенді айтқан.

Ақан іркіліп қалды.

— Қаймана қазақтың, қарабайыр қызы емес, атақты Жүсіп Төренің қызы болса осылай кесек сөйлесе керек-ті. Мұнысы, -Үлкенсің, тым үлкенсің! — дегені. Жүзі күреңітіп, ұрты суалып, сенделіп қалғандай. Айыбын әлде кім бетіне басып ұялтқандай, ырықсыз жымиған болды.

— Естігенде-ақ, жылы жауап болмаған екен ғой... Айтпадың ба, маған сол жолы. — Өзімен-өзі тілдескен бойы Ақан бұл ойын сыртқа шығармады.

«Елуден асқанда... Қыз емес, кемпір алмақ па екен, Ақан?» —деді өзін-өзі мұқатып. — Қыз Төресі — Жамал. Енді қайтіп, басқаға көңілім соқпас.

Ақан жаны жалындап тұрып, іштегі өкінішін күрсініп шығарды.

—Солай де...

Домбыраға қолының қалай барып қалғанын өзі де сезбей салалы, сергек саусақтары астыңғы пернені бір, үстіңгі пернені бір түртті де босағаға қайыра тастай салды.

Жұбаныш болар жан таппай, шарқ ұрды. Күрсінген сайын көкірегін зіл басып, еңсесін езіп барады.

— Апыр-ай, соңғы сөзің бе екен, елден ерек жаралған қалқа бала..? Сұлулықты танығанда мүлт кетпейтін шыққыр көзім, өзіңе қадалғанын көрмеймісің. Қыз болмай, ұл болсаң етті, оданда. Ұл болсаң серілік қылар ем, еркелетіп, жаныма ертіп... — Ақан жерге қарап, шұқшиып қалыпты. Ойымен алысып, жанымен мұңдасып отыр.

— Тәңір сені ұрғашы етіп жаратқан соң, жар қылмақтан басқа амалым қалып па?

Босағада тізесін құшақтап, әкесіне үнсіз тұнжырап қарап қалған Ыбанға көзі түсті. «Апыр-ай, осы баланың тым сезімталын-ай,» — деп іштегі сырды жасырып, Ыбанды ымдап шақырды. Отыра бергісі келген Ыбан әке көңілін қалдырмай, салғырт көтерілді. Әкенің өкініші мен уайымын бала-жүрек жүзінен-ақ аңғара қоятын. Ақанның иығына басын қойып, салы суға кеткендей отыра бергені сол еді, сері ұлына сыбызғы тарт деп қолқа салды.

— Тарт, тарт! —деді, тартыншақтап тұрған Ыбанды еркелете, ойнақылана. —Тыңдағым келеді, сыбызғыны сендей ешкім тарта алмайды. Атығай-қарауылда сенен асқан сазгер жоқ, осыны білемісің? —Тарт! —деді, ымдап-ымдап. —Баста! —деді, тыңдағысы келіп.

Ыбан салалы саусақтарын билете, бейтаныс бір әуенге салды. Әуен-жұмбақ. Тәңірім тіл бермеген Ыбанға өнер дарытыпты. Мынау, әуен жапан түзде боздаған жетім тайлақ па екен, енесін іздеп шыңғырып адасқан құлын ба екен, кісені жіліншігін тілгілеп, қызыл-ала қан болған тұлпар ма екен, сайын даланың торға түскен тоты құсы ма екен, әлде... Білетіні, Әуеннің жұбы жоқ. Жалқы сыңсиды. Жалғызсырайды көкті кезіп. Сыңар әуен әуелеп, шарқ ұрады, үзіліп кетердей үздіктіріп барып қайта жаралады, қайта жанданады. Кеңістік пен жердің арасында жіпсіз байланып қалған жалқы әуен...

Көзінің шарасы кеңейіп, Ақан Ыбанға таңдана қарады. Балапан қаздай мойынын созып-созып, сыбызғыға әбден елітіп алыпты, толастар емес. Екі көзі әкесі Ақанда. — Қайтерсің, тағдырыңа келіс, мұңайма! —деп, басу айтқандай.

Ақан көзіне келген жасты бұл жолы ірікпеді. Бусанған басынан бөркін ала беріп, Ыбанға бас бармағын шошайтты да ыммен иегін қақты: — Пәлі, жарайсың, мынауың ғажап қой! — деген таңданысын білдірді. Сол-ақ екен, Ыбан өзі шығарған тағы бір әуенді бастап кетті. Әуелгі күйзелген жаны келмеске жұтылғандай, сергіп қалды Ақан.

— Жаны қандай терең еді, ойы қандай тұңғиық еді Ыбанның. Егер Ыбанда тіл болса мұның да ғұмыры келте қайырылып, тағдыры тәлкекке жолығар ма, еді...

Ақан орнынан тұрып, Ыбанның салалы саусақтарын салалап отырып, әр саусағын мәпелей сүйді. Бұл баласына деген шынайы ризашылығы мен сүйіспеншілігі, құрметі еді.

Ақанның жанына өзгеріс енген. Таң құланиектене үйден шығып, Қоскөлдің сыртындағы Сарыкөлді паналап жиі келеді. Енді қайтіп ел ішіне барғысы жоқ. Осы уақыт ішінде Ақанды іздеп кім келіп, кім кетпеді. Кім сәлемдеме жібермеді. Сауық сайранын салсын, серілігін жасасын, елді бір серпілтсін, тіпті таңдағанын алсын, — деп дұғай сәлем айтқанымен, Сері Ақан ешбіріне елең етіп жылы жауап қатпады. Үнсіз тыңдап, үнсіз шығарып салды.

Әңгімесі Науан хазіретімен ғана жарасты. Хазіреттің әр сөзі дертіне шипа бергендей, тынысын кеңейтті. Жанына дауа тапты. Күн ұзаққа дейін хазіретті тыңдап, діни кітаптарды сұрап алып кетіп жүрді. Бір мысқал артық дүние — сөзі араларында жоқ, пірадарды ғана тыңдай бергісі бар. Бұрын-соңды ойлы сөзбен сананы сергітер жұпар кәусарға қанықпаған екен. Ақан өзі іздеп тапқан осы кездесуді ендігіде ешнәрсеге айырбастағысы жоқ. Аз әрі саз сөйлейтін Науан хазіреттің мейірімді шапағаты мен бірқалыпты өзгермейтін мінезіне тәнті. Шаттанып қуанып та, жапа шегіп, қасірет-мұңын да көрсеткен емес. Ақан кіріп келгенде ғана басын көтеріп ишарат жасайды. Онан соң да өз әлемі өзінде ғибадат пен мінәжат, жалықпай оқу, тарықпай іздену. Осы тірлігінен айныған да емес, ғұлама шаршаған да емес. Сері Ақан хазіретпен сөйлескен сайын түлеп, бабына енді енгендей тереңдей берді.

— Ойым олқы, санам жетім, толыққым келеді, жаныма дерт емес, шипа тапқым келеді, — деп келген еді Науан хазіретке.

— «Өлмей тұрып өліңдер», — депті. Жүзі шуақ шашып, хазірет: — Адам қабір халқынан екенін еш ұмытпауы керек, — деді Ақанға түсініктірек болу үшін.

— Білгендер мен білмегендер бір бола ала ма? —деді Ақан.

— Алланы білмегендер, танымағандар — қараңғылардан. Ал танып білгендері — ғалымдар, — деді хазірет.

— Алланы тану үшін білімнің, ғылымның тілін игеру керек болар?

— Жүйрік сезім, тазалық пен ұшқыр ой, — деп толықтырды хазірет.

— Серілік ше? —деді Ақан.

Хазірет жымиды.

— Серілік деген сұлулық қой. Сұлулыққа іңкәрлік. «Тәңірім сұлулықты сүйеді» — депті Алланың елшісі. Ақан сері мен Науан хазірет ұзаққа дейін үнсіз қалды.

Ақан өзі тереңдей алмайтын жұмбақ сырды ұғынуға Науан хазірет қана септігін тигізетіндей. Сері көңілдің бұрынғы тілеген арман-мақсаты түкке тұрғысыз екенін ұқты. Жан тыныштығын сезіну — құлшылықтан басталатынына күмән келтірмеді. Тағдырына келіспеген өкінішін де ұмытты. Болыс пен биге, сараң мен күншілге, надан мен жікшілге назалы бұрынғы күйінен де айныды.

Ақан тіршілік атаулыға мейіріммен, ізетпен, құлшылықпен қабылдауды парызым деді. Ендігісі өткен күннің қателігінен кешірім сұрау. Кешірім тілеп тұрып, ғибадат ету.

— Өзім білетін күнәмнан, білмейтін күнәм көп пе екен... Маған кешірім болар ма, екен? —деп қалды Ақан.

Жыбырлап кетіп бара жатқан құмырсқаны көрді, рыздығын илеуіне сүйретіп жанталасып барады. Егіз қозыдай бірін-бірі жібермей жұптасып, жабысып қалған қызыл қоңызды көрді. Ғашықтар шығар... Топырақты жарып, жер бетіне шығып келе жатқан бір бүртік тіршілік тұқымын таныды. Сол сәтте Хазіреттің сөзі есіне түсті. «Тау жоғалып —тас болар, тас жоғалып — құм болар, құм жоғалып — су болар. Бірақ тіршілік атаулы жаңғыра берер»

— Рас! —деді Ақан. — Қартайған тасбақаша тарбиып жатқан таулардың шөккенін көргем. Еркіне бағына алмай, қайратын жоқтаған қой тастардың төменге сұлап түсіп, үгітіліп құмға айналып жатқанын көргем. Осыны хазірет қалай дәл айтты..?

* * *

Таң мен таң ұласып, түн мен түн мұңдасып өтіп жатқанымен Жамалдың елден кетіп, ұзатыларын ойлағанда Ақанның жаны егілді. Мұнысын өзге жұрттан жасырған сайын көкірегі ащы шерге толып, шанағы тозған қара домбыраны қайта алады. Өзі емес, ендігі күйді жеткізу қара домбыраның еншісінде. Ақан өзі де аңдамай қалды, арман мен ұласқан шерлі сағыныш бұл жолы жан түршігердей ұлып шықты. Сырымбеттің басқа таулардай шөккенін қаламады, Жамалдың бөтенге жар болғанын қаламады. Бірі елге рыздық болған Сырымбет, бірі елге сұлулық көркін сыйлаған Жамал. Осы екеуі барда елінің төрт түлігі сай. Ендеше қарашекпенділер неғып Сырымбет жайлауын иемденіп, ел ішіне емініп кіріп кетті. Үріккен қойдай біз неге ұйлығып қалдық. Ата-баба қонысы Сырымбет неге өзге жұрттың қонысына айналып барады. Сырымбетті жат жұрттан қори алмаған төбе тұтқан төрең де би-болысың да ынжық емей, немене!

Ақан жұтаған жұртта қайғы мен қасіреттен бас сауғалай алмай, елінің қайыс ноқтаға көндіккенін білді. Ақанды сұлу етіп жаратқан тағдыр, сұлулықпен жұптастырмады. Жұтынған сұлу жүйрік те, ұшқыр сұлу құс та, сұлу Сырымбет саласы да, Жамалдай сұлу жарды да тағдыры серік етпеді. Сырымбетсіз Ақан —жетім, Жамалсыз Ақан сері емес — шерлі. Ақан шер шығарған сайын ән болды. Ән әуезі әуелеп кетіп, жарасымын тапқанда бұлқынған жаны саябырланып, маңайынан бөлектеніп, ұшар биікте жалғыз өзі қалқығандай күй кешті, Ақан. «Сырымбетті» шырқағанда күллі арқа жұрты үнсіз ұйып, мұңға шөккендей, күрсініп, тұңғиық ойға кеткендей өкінішін ұғып тыңдайтын. Жамалдың бөктергіге қор болып бара жатқаны, қайғылы жүректің соңында зарлап қала бергені беу-беулеп боздайды. Ақан өзі ғана емес, тыңдаған жұртты да жылатты.

«Сырымбет» ауыздан-ауызға, ел мен жерге әп-сәтте тарап кетті. Бозбала біткен боздатып салды «Сырымбетті»

* * *

Жаннаттан жеңіл ішік жамылған Жамал құлпырып шықты. Жүзі күлім қаққанда шебер зергердің қолынан шыққан балықтың шабағындай жұқа сырғасы ойнақыланып, билеп тұрғандай. Аққу мойны созылған сайын иегі дірілдеп, аңқау еліктей айналасына сеніп қарайды. Бірде керіліп тыныстаса, бірде үркіп, жаны толқып жымияды. Жүсіп Төренің көңілі тоқ, ойы көркем, кербез Жамалы ертегідегі хор қызындай түрленіп, құбылып тұр.

Күміс күймеге отырып, қозғалған сәтте, алғаш рет қобалжыды. Бұл қобалжудың жұмбағын ұқпағанымен сезімі зерек Жамал Қоскөлге өзі барып Ақанмен қоштаса алмағанына өкінді. «Ағам болыңыз!» — дегенде, Сері Ақан: — Жоқ! Серігің болайын деп жүк артып, салмақ салмапты. Тіпті мұнан соң Жамалдың қайтарған жауабына да бөгде хабар жібермепті. Демек, Ақанның қыз сөзіне тоқтап, айтқанына көнгені де...

Жамалды қоршаған қыз-бозбала елден аса бере әзіл мен қалжыңға, одан әрі ән мен күйге ерік берді. Сол сәтте әуелеп, соңында қалып бара жатқан Сырымбеттің зарындай, жүрек тербеп, жан толқытар үн шарықтай жөнелді. «Ауылың қонған Сырымбет саласына, Болдым ғашық ақ сұңқар баласына...» Жамал демін ішіне тартты. —Ақан ағаның әні...

«Дариға қайырылмадың, қалқа бала,

Жүректің енді ем жоқ қой жарасына»

— Ақан серінің әні, — деді тағы. Жамал алғашқыда еркелеп, күлгендей болып, тыңдап отырған. Сосын өкпелеген баладай біразға дейін томсарып, үнсіз қалды. —Қарындасым, қош-есен бол-ай! —дегенде көзінен ыстық жас шықты. Күйменің жібек пердесін ысырып тастап, ат үстінде әнге салып келе жатқан бейқам бозжігітке барлап бір қарады да: — Ақан ағаның әні болар? —деді.

— Иә, әннің аты «Сырымбет».

— Сырымбет..? Қані, тағы бір салшы «Сырымбетке» — Жамал пердені түсіре салды.

Жамал әннің Сырымбетке еш қатысы жоқ, өзіне арналғанын ұқты. Атын атап, көзін көздеп, үздіксе қалың қарауылда сөз жата ма, тіпті ұзатылған жеріне де жетіп, Жамалға абырой бермесі анық. Сондықтан болар, Ақан «Сырымбет» деп үкі тағып, арулап ән шығарыпты Жамалға.

«Бөктергіге қор болып барасың ба?» — дегені қалай...? Мен түсетін жерді әбден біліп, қанығып отыр ма, Ақан аға... Солай ғой... Онда неге ертерек айтпады екен, бұл сырды? Әлде, — Менен артық жар тапсаң, қалағаның-ақ болсын, — дегені ме...

Адасқан құландай ойы желіп, уысына ұстатар емес. Бірде ұғынса, бірде өкпелеп, бірде жеңсе, бірде жапа шегіп отыр. Ұзатылған жеріне жақындаған сайын Жамал әуелгі ниеттен айнып, өзгере берді.

— Артымнан Өзің жетсең, еріп-ақ кетер едім... — деп қалды. Алғашқы тыңдағанында еркелетіп басталған әуен, соңында мұны жылатып, әбігерге салып тынды. — Кері қайтсам ба, екен..?

Жас шылаған жанарын жасырып, жерден көтергісі жоқ. Күймені кідіртіп, аяғын жерге тигізді. Сосын төбесі ғана көрінген сонау Сырымбет қонысын бетке алып, іштегі өксігін баса алмай, қырдың желін кеудесіне тосты. Емініп, бойына сумаңдай кірген қырдың салқын желін жатсынбай, Сырымбетті қимай ұзақ қарады. Қоскөлге енді қайтып жол тартпайтынын, еркелеп келіп, наздана қалжың айтпайтынын білді. Енді төркіндеп келсе де бөтен болып келіп, бөгде болып аттанарын сезді.

Жамалдың кідіргенін маңайындағылар ұната да қоймады. —Мұнысы неғылғаны, ұзатылып бара жатқан қыз соңына қарамайтын еді ғой. Мұнысы несі? — десті.

Жамал сыртынан айтылып жатқан пыш-пыш сөзді естімегендей «Сырымбетті» шырқаған жігітті дәл таныды.

— Қоскөл жаққа барамысың? — деді көзінің астымен. Жігіттің жауабын күтпестен, қолына күміс түйме тағылған ақ бешпентін ұсынды.

— Ақан ағаға ала бар. Және мына сөзді айтуды ұмытпағын: «Қарындасыңыз жар таппағанмен жанын түсінер аға тапқан екен. Олжалы болып кетіп барамын. Қайда жүрсемде тілеулесіңізбін, Ақан аға!» Осы сөзді ап-анық айтты да көп кідірмей, күймесіне еніп кетті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама