Қазақстанда медициналық препараттарды сақтау мен жеткізуді енді электроника бақылайды. Вакциналардың температуралық режимнің бұзылуынан бүлінбеуін қамтамасыз ету үшін көліктегі 21 мыңнан астам датчик пен трекер жұмыс істейді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада вакциналардың «суық тізбегін» бақылаудың цифрлық жүйесі кеңейтілуде. Енді сақтау температурасы GPS-мониторинг арқылы автоматты түрде бақыланады.
Елдің бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, жүйе Қазақстан бойынша мыңнан астам нысанды қамтиды. Жұмыс барлық кезеңде – сақтаудан бастап қоймалар мен медициналық ұйымдарға жеткізуге дейін жүзеге асырылады.
«Тоңазытқыш жабдықтардан алынған деректер автоматты түрде бірыңғай цифрлық платформаға түседі. Вакциналарды тасымалдау кезінде арнайы көліктерге GPS-мониторинг жұмыс істейді», – делінген хабарламада.
Нормадан немесе белгіленген параметрлерден кез келген ауытқу кезінде проблеманың қай кезеңде туындағанын тез анықтап, қажетті шараларды жедел қабылдауға болатыны атап өтілді.
Жалпы, министрлік 3,5 мыңнан астам нысанды қамти отырып, 21 мыңнан астам мониторинг нүктесін құруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, республиканың барлық өңірінде 800 арнайы көлік бірлігіне бақылау жасалатын болады.
Сондай-ақ вакцина сақтауға арналған жабдықтар жаңартылуда. Елдің медициналық ұйымдары үшін жаңа тоңазытқыш камералар, мұздатқыштар және 900-ден астам тоңазытқыш сатып алу жоспарлануда.
Бұған дейін «Курсив» Денсаулық сақтау министрлігі ҚР-дағы медициналық қызметті лицензиялау талаптарын күшейткенін жазған болатын. Енді мемлекеттік және жеке клиникалар медициналық цифрлық жүйе (МЦЖ) болған жағдайда ғана жұмыс істей алады.


