Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Иттің қасқырды алдауы

Қатысушылар:
Ит
Қасқыр
Қойшы

Бірінші көрініс

Сахна ашылғанда, қойшы итіне тамақ беріп жатады.

Қойшы.

Түн үресің бір тынбай,
Қожаңызға адалсың.
Жақсы көрем ырысымдай,
Үйімдегі көзімсің.
Қожайының қойға кетті,
Кешкі жайын ойлап кетті.
Түнгі күзет сенікі,
Күндізгі бағым менікі.

Кетеді. Ит қожасын шығарып салып үреді.

Ит.

Баласындай күтеді
Шаршап жүр ғой, тым тегі.
Асын берген ақтасам,
Міндетім ғой, су тегін, аф... аф... аф...

Сырттан бұл тірлікті бақылап жүрген бір қасқыр мұны естіп тұрады.

Қасқыр. Ә, солай де... (Алыстан қойшыға) Сонда сенгенің мына бір сүйегіне сүрінген, әупілдеген ит пе? Әуселеңді көрейін. Ертең-ақ қорадағы қойыңды қырып салсам, жақсы көрген «әупіңді» бір-ақ басқа теберсің. Бір тарпысам, оның да жанын жаһаннамға жіберемін. Тек күн көкжиекке батсын, қожайынның шамы өшсін (ырылдап кетеді).

Екінші көрініс

Сахнаға қасқыр шығады. Күн батқан кез. Иттің ұйықтағанын сезіп, қорадағы қойға түспекке жақындап келеді. Тісі сақылдап, аузынан сілекейі шұбырады.

Қасқыр.

Ыр... ыр...
Жылы жұмсақ қозылар,
Етің дәмді, дертке нәр.
Бүгін қолға түсерсің,
Қарнымда жатып пісерсің. Ыр... ыр...

Қалғып кеткен иттің мұрнына жағымсыз иіс келеді де, ұйқысынан оянып кетеді. Жүгіре беріп анандайдан қасқырды көреді.

Ит. Әй, көкжал! Тоқта! Қазір бар даусыммен үрсем, қожайы-ным оянады да, мылтығын алып кеп, сені атып алады. Сенің тағдырың менің қолымда.

Қасқыр. Ыр-р... Иә, қожайының білсе, жағдай қиын. Бірақ біз сияқты қасқыр туыстарың «ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қоямын» депті ғой. Ыр-р... Сен маған туыссың. Бірақ мен бір нәрсені түсінбеймін.

Ит. Ол қандай жұмбақ, бауырым? (Үреді.)

Қасқыр. Біздің туыстар шөпшендіден қорықпайды. Иілмей-тін батыл болушы еді. Ал сен болсаң мына қораны айналып есің шығады. Түнімей көз ілмей, шәуілдеп үрумен күнің өтеді. Иеңе жақпасаң тамақ та бермей қояды. Бұрышта бүк түсіп жат-қаның. Анау сала құлаш шынжыр мойныңа ілініп, азап шеге-сің. Сені бейнетке салып қоятындай осы адамда қандай құдірет бар?

Ит. Бұл сөзің жөн, бауырым. Мойындаймын. (Тағы да үреді.)

Қасқыр(мақтанып). Мен сияқты басы бос, тамағыңды жортып жүріп тауып, күнелтпейсің бе? Өзің туыссың. Әй, бауырым, онан да бірігіп өмір сүрейік те.

Ит (өтірік ойланып қалады). Ойланайын. (Былай шыға үреді.)

Қасқыр. Әп, бәлем, қармағыма түстің бе? Қарным ашқан күні, тарамыс-тарамыс етіңді талшық етермін. Ыр... ыр... Әй, неғып көп ойланып кеттің. (сыбырлап) Бата оқып отырсың ба?

Ит. Кешіріңіз, Қасеке! Иә, туыс екеніміз рас. Мен сорлыны көзімді ашпай тұрғанда қожайыным шешемнен бөліп әкеп, қыңсылатып, әнеу қораға әкеліп қамапты. Қашып кетер қауқар қайда? Әттең, сол кезде, Қасеке, өзің кездессең ғой, соңыңа еріп жүре беретін едім.

Қасқыр. «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап». Ыр... ыр...

Ит(тағы үреді). Сонан соң, Қасеке, көзімді ашып, еңсемді көтергенде темір шынжырлы қарғыбау ілінді. Қайтіп қашып құтыларсың? Қараптан-қарап аштан өлесің бе?! Қораны айналып үремін кеп. Туыс деген өзіңсің. Маңайыма жақындап та келмедің, алыстан ұлыдың...

Қасқыр. Иә, оның рас, күшігім. Қу мылтығы бар қойшың жақындатпай қоймады емес пе?

Ит. Содан амалсыздың күні, иемнің айтқанын орындап, малды да, үйді де күзетемін.

Қасқыр(мына сөзге жүнін тікірейтіп мақтана жөнелді). Дәл сол кезде мен сені көрмедім ғой. Әйтпесе, бөлтіріктеріммен бірге ерте...

Ит. Түу, бауырым, Қасеке. Ауф... ауф... Сіздің мен түсінбейтін бір керемет ғажап қасиетіңіз бар...

Қасқыр (сөзін ортасынан бөліп). Әй, Итім-ай, туыстығың білініп тұр-ау. Менің ішкі сырыма да үңілген сияқтысың.

Ит. Оныңызды айтсам, сіз ертеңгі күніңізді бүгін ойлайсыз. Бізді айтсаңшы, бір күнгі тамағымызға мәзбіз (мұңаяды). Жақсылап бір тойсақ болды. Ал сіз, Қасеке, ғажапсыз. Мәселен, қазір мына қораға кіресіз де, өзіме қажет деген бір қойды теңдеп алып, қалғанын жусата саласыз. Өлексені адам жемейді. Оны аулақ жерге лақтырып тастайды. Ертелі-кеш тамағыңыз дайын. Қандай ақылдылық десеңізші.

Қасқыр (мақтанып). Тауып айттың, Итім. Бабаларымыз «Ақылмен жесең, асап жейсің, ақылсыз жесең, өзіңді жейсің» деп дүниеден кетерде айтып кетіпті.

Ит. Ақыл жағынан сізден асар аң жоқ. Мәселең, түйе биік болса да, ақылы қысқа. Сіз оның шөгіп жатқан сәтін аңдисыз да, өркешінен бір аттап өтесіз. Ол орнынан тұра алмай қалады. Жүрегі жарылып кететін шығар. Бөксе жағынан отырып алып, тісіңізді басасыз. Жылқы атаулының құйрығына тісіңіз ілінсе біткені. Шірене тартып жібере салсаңыз, өзінен-өзі омақаса құлайды.

Қасқыр. Әрине, әрине.

Ит. Осы сіз адам атаулыдан қорықпайсыз ба?

Қасқыр. Әй, бауырым-ай, біздің туыстарымыздың «Өгізді қойшы, өлген қойшы, жеп болғанда көрген қойшы, атты қойшы, ашуы қатты қойшы» деген мақалын естіп пе едің?! Бұл мақалда үлкен сыр жатыр. Адамнан неге қорқады дейсің. Адамның өзі қорқақ, әйтпесе қолына мылтық ала ма? Жалғыз-жарым айдалада кездессінші.

Ит. Сіз әуелі ұлып бір-біріңізді шақырып алмайсыздар ма?

Қасқыр. Бауырым-ау, ұлудың да сан түрі бар. Қазір «у» дейінші, жан-жақтан қаптап жетсін. Бірақ жылы-жұмсақ қозы етіне ортақ етіп нем бар?!

Ит. Онда мен сенен қалмаймын. Бірақ туып-өсіп, жастық шағыңды өткізген жеріңді қимайды екенсің. Қоштасайын.

Қасқыр. Өзің біл, ағайын.

Ит. Көзімді ашып, жуынды ішкен жерім, хош. Қарғы-бау іліп, шынжыр сүйретіп қора күзеткен күндерім, хош у-у-у-у. Тамақ бермей, таяқпен бастан ұрып талдырған қожайыным, хош у-у-у-у...

Қасқыр. О, сорлы-ай... ха-ха-ха. (Күледі.)

Иттің ерекше қатты ұлығанын естіген қойшы сыртқа шығып, Қасқырды атып алады.

Ит. Әу, бауырым-ай. Әлгі мықты, ақылды екенің қайда...

Кетеді.

Шымылдық


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама