Жетісу облысының тұрғындары сотқа жүгінбей-ақ, Вьетнамға болмаған сапары үшін 100 мың теңгені қайтарып алды, деп хабарлайды infohub.kz.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, әйелдер Вьетнамда демалып қайтпақ болған, алайда ұшуға аз уақыт қалғанда туроператор тур шарттарын өзгерткен.

Бастапқыда туристер Дананг пен Хойанға 449 мың теңгеге баруға келіскен. Әрқайсысы брондау үшін 50 мың теңгеден алдын ала төлем жасаған, барлығы 100 мың теңге. Ақша компания өкілінің шотына аударылған, бұл төлем құжаттарымен расталады.

Алайда алдын ала төлем жасалғаннан кейін шарттар өзгерген: екі қаланың орнына төрт қаланы қамтитын бағыт ұсынылып, құны 700–800 мың теңгеге дейін өскен. Әйелдер жаңа шарттарға келіспеген, себебі олар бастапқы нұсқаға сенген.

Сонымен қатар, ұшу күніне (2026 жылғы 19 тамыз) дейін оларға авиабилет сатып алынғаны немесе брондау жасалғаны туралы растау ұсынылмаған. Компания өкілі сұрақтарға билеттер кейінірек сатып алынатынын айтқан.

Шарттардың өзгеруіне және растаудың болмауына байланысты туристер сапардан бас тартып, алдын ала төлемді қайтаруды талап еткен. Мәселені өз бетінше шеше алмаған соң, олардың бірі Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгінген.

Өтінішке төлем құжаттары, компания өкілімен хат алмасу және бастапқы шарттар мен олардың өзгергенін растайтын басқа да материалдар қоса берілген.

Мамандар жағдайды зерделеп, мәселені шешуге көмектескен. Нәтижесінде тұтынушы мен оның серігіне сотсыз-ақ толық сома — 100 мың теңге қайтарылған.