Жетісу облысының тұрғыны облыстық маңызы бар автомобиль жолының жай-күйіне шағымданып, бейнеүндеу жариялады. Кадрларда көптеген жарықтар мен терең жол ойықтары көрінеді, бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бейне «Президентке хаттар» Telegram-арнасында жарияланды. Ролик авторы бір кездері жолдың мүлдем тегіс болғанын, енді оның майысып, «көтеріліп кеткенін» айтады. Шұңқырлардың тереңдігі шамамен 15 сантиметрге жетеді, ал зақымдалған учаскенің ұзындығы шамамен 1-2 шақырымды құрайды.

Тұрғынның пікірінше, жол төсемінің бұзылуына осы бағытта үнемі жүретін шамадан тыс жүктелген жүк көліктері себеп болуы мүмкін.

Облыс әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Мади Шакенов NUR.KZ тілшісіне берген түсініктемесінде Талдықорған – Үштөбе – Быжы – Мұқыры автомобиль жолы туралы айтылғанын түсіндірді. Ол мердігер ұйымның кепілдік міндеттемелері аясында анықталған ақаулар жойылып, жол төсемі қалпына келтірілетініне сендірді.

«Тиісті жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айының ортасына дейін белгіленген талаптар мен кепілдік мерзімінің шарттарына сәйкес орындалатын болады», — деп атап өтті Шакенов.

Ол сондай-ақ жағдай бақылауда екенін және жұмыстар аяқталғаннан кейін жол төсемінің тиісті күйі қамтамасыз етілетінін қосты.