Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы NUR.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап беріп, қаланың бірнеше көшесімен өтетін LRT құрылысының егжей-тегжейін ашты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

LRT жолдарында Момышұлы мен Төле би көшелері бойындағы қиылыстар арасында бетон плиталар төселеді. «Плиталар жолдың үстіңгі құрылымын қалыптастыру кезінде қиыршық тасты негіздің үстіңгі қабатына төселеді. Ал түстік безендіру, дизайн мен өрнек комбинациялары қазір келісу сатысында. Бетон плиталар қиылыстар арасындағы учаскелерде орналасатындықтан, олармен жаяу жүргіншілер мен көліктердің жүруі қарастырылмаған», — деп түсіндірді ведомствода.

Асфальттаудан гөрі плиталарды таңдауға жолдарға үнемі техникалық қызмет көрсету қажеттігі себеп болған. Оған жолдарды тегістеу мен бекітпе элементтерін тартып отыру кіреді, бұл пайдалану жұмыстарын жүргізуді жеңілдетеді, деп атап өтті Басқармада. Ал Абылай хан даңғылында Төле би көшесінен Алматы-2 теміржол вокзалына дейінгі бөлікте, керісінше, плиталар қолданылмайды, жабын жүріс бөлігімен бір деңгейде асфальтбетоннан жасалады.

Жолаушылардың аялдама аралдарына жетуі үшін жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылады, ал LRT желісін автомобиль жолынан арнайы бордюрлер арқылы бөледі. Бірақ олар қиылыстарда орнатылмайды.

Жылжымалы құрамға келер болсақ, LRT-нің бірінші кезегі үшін пойыздарды қытайлық CRRC компаниясынан сатып алу жоспарлануда. Басқарманың мәліметінше, әр пойыз бес секциядан тұрады және 283 жолаушыны тасымалдауға есептелген. Барлығы 25 құрам алу жоспарлануда. Пойыздардың күтілетін қозғалыс аралығы 5-7 минутты құрайды.

Сонымен қатар Алатау ауданының индустриялық аймағында қазірдің өзінде жер қазу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде депо нысандарын кейіннен салу үшін жер учаскесін тегістеу жұмыстары да бар. Депо 19 гектар жерді алады деп күтілуде.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда LRT желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. LRT бірінші желісінің бірінші кезегі толығымен жер үстімен өтеді.

LRT бірінші желісінің бірінші кезегі Алатау ауданының индустриялық аймағында, Мөңке би мен Б. Момышұлы көшелері маңында орналасқан деподан басталады. Одан әрі трасса Б. Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне дейін, содан кейін Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін, одан әрі Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін өтеді. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-алмасу торабы қарастырылған.

Сондай-ақ оңтүстік астанадағы бір LRT құрамы 285 жолаушыны тасымалдай алатыны хабарланған болатын. Қозғалыстың орташа жылдамдығы 35 км/сағ құрайды. Биыл қыркүйекте жолдарға рельстерді төсеу басталған.