Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Өңір әкімі Болат Ақшолақов жұмыс сапары барысында құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сапар кезінде құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны, болашақ өндірісті электр энергиясымен және сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қазақстандық компаниялардың қатысуы талқыланды. «Силлено» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаев құрылыстың ағымдағы жай-күйі мен технологиялық жабдықтарды монтаждау туралы мәлімет берді. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асырудың жалпы прогрессі 40,9%-ды құрайды.
Жұмыстар пиролиз, полимерлеу және жалпызауыттық шаруашылық нысандарында жүргізілуде. Биіктігі 101,8 метр этиленді фракциялауға арналған алғашқы ірі габаритті технологиялық колонна жобалық жағдайға орнатылып бітті. Пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау, сондай-ақ өндірістік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жалғасып жатыр.
Болат Ақшолақов болашақ өндірісті электр энергиясымен және сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Әкім кәсіпорынның электр энергиясына деген ең жоғары қажеттілігінің есептеулерін және жобада қарастырылған энергетикалық жабдық бойынша техникалық құжаттаманы ұсынуды тапсырды.
«Толық көріністі көру қажет: электр энергиясына деген қажеттілік қандай құжаттардың негізінде және қандай жабдықты ескере отырып есептелген. Егер өз ресурстарымыз жеткіліксіз болса, бұл елеулі мәселелер туғызуы мүмкін. Электр энергиясын импорттау қымбатқа түседі, сондықтан қажетті көлемді қайдан алатынымызды алдын ала түсіну маңызды. Сумен жабдықтау мәселесінде де осындай тәсіл болуы керек», — деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Сонымен қатар облыс әкімі инфрақұрылым нысандарының белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуді тапсырды. Атап айтқанда, жоба аумағында полиция бекетінің күрделі ғимаратын салу мәселесі қаралды.
Құрылыс алаңында 5 мыңнан астам адам және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыстың қызған шағында шамамен 15 мың жұмысшы тартылады деп жоспарлануда.
Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Болашақ мамандарды даярлау қазірдің өзінде басталып кетті: жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің, оның ішінде Атырау облысының түлектерінің арасынан жас мамандар пулы қалыптастырылуда.


