Батыс Қазақстан облысында түскен алғашқы қар салдарынан есінен танып қалған қызды ауруханаға жеткізу қиынға соқты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы мәлім еткеніндей, сол күні өңірде алғашқы қар жауып, ауа райы күрт нашарлаған. Жолдарда көктайғақ пайда болып, көлік қозғалысы айтарлықтай қиындады.

Осындай жағдайда патрульдік полиция қызметкерлері қызметтерін жалғастырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жүргізушілермен профилактикалық жұмыс жүргізді. Орал — Ақтөбе автожолында Барбастау ауылының маңында патрульдеу кезінде оларға Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жүгінді. Ер адам көлік салонында есінен танып қалған қыз отырғанын, ауа райының қолайсыздығы мен жол жағдайының күрделілігіне байланысты оны ауруханаға өз бетінше жеткізу мүмкін болмай тұрғанын айтты.

Жүгінген адамның айтуынша, жедел жәрдем шақырылған, бірақ ауа райы жағдайы бригаданың жедел келуін қиындатқан. Жағдайдың ауырлығын және дереу көмек көрсету қажеттігін түсінген полицейлер қызды медициналық мекемеге жеткізу үшін жедел шара қолданды.

Полиция қызметкерлері Сағындық Ұмбаев пен Ансар Маратов қызды дереу қызметтік көлікке отырғызып, оны алып жүрген ауылдық фельдшермен бірге Оралдағы медициналық мекемеге жеткізді. Онда науқас қажетті көмек көрсету үшін медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Қазіргі таңда қыздың жағдайы тұрақты, ол қажетті ем қабылдап жатыр.