Маңғыстау облысында былтыр үш баласы улы газдан уланып қаза тапқан 51 жастағы Күмісай Пәлекова қайтадан ана атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Перинаталдық орталықтың мәліметінше, нәрестенің салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр болған. Әйелге кесарь тілігі жасалды, жүктілік асқынусыз өтті. Қазір ана мен сәби өздерін жақсы сезінеді.
Қызды Ария деп атады — есімді әкесі таңдаған. Күмісайдың айтуынша, ол 51 жасында бала көтеріп, босана аламын деп ойламаған, бірақ дәрігерлер мен жақындарының қолдауымен экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) процедурасына бел буды.
Әйел ЭКҰ-ға өмірдегі жаңа тірек пен бос қалған үйге үміт үшін барғанын айтты. Жұбайларға процедураны тегін жасауға бастан кешкен қайғыдан кейін клиника сыйлаған сертификат көмектесті. Бұған дейін, осы жылдың қыркүйегінде, отбасы 13 жастағы ұлды асырап алған.
Еске салайық, қайғылы оқиға Мұнайлы ауданындағы «Қаламқас» тұрғын алабында болып, улы газдың сыртқа шығуынан жұбайлардың үш баласы қаза тапқан еді.


