Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысына Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және өңірді одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы мәлімет ұсынылды.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,9%-ға, өнеркәсіп өндірісі 4,9%-ға өсті. Машина жасау саласы айтарлықтай серпін көрсетіп, өсім 26,2%-ға жетті.
Өңірдің 2032 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жалпы құны 7 трлн теңге болатын 186 жобаны қамтиды. Оларды жүзеге асыру 36 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
«Жаңа өндірістерді ашуға, шикізатты тереңдетіп өңдеуге, минералдық-шикізат базасын нығайтуға және отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Президент сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту туралы да хабардар етілді», — делінген Ақорда хабарламасында.
Соңғы үш жылда Қарағанды облысында 92 ауылдық денсаулық сақтау нысаны мен 13 мектеп салынды, білім беру мекемелерін жаңарту жалғасуда.
«Спорт, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында жобалар жүзеге асырылуда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен экопарктер құру жұмыстары жүргізілуде. Болжам бойынша, жыл қорытындысында облыс экономикасының өсімі 4%-ды құрайды», — деп нақтылады Ақордада.
Өңірді одан әрі дамыту өнеркәсіп әлеуетін нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.


