Түркістан облысында полиция қызметкерлері TikTok-та тікелей эфир кезінде былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған әйелді анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, тексеру барысында Жетісайдың 32 жастағы тұрғыны TikTok-тағы жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, көрермендерге былапыт сөздер айтқаны анықталды.

«Моншада пилинг қызметін көрсететін әйелді анықтап, полиция бөліміне жеткіздік. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, тікелей эфирлер кезінде қоғамдық тәртіп пен моральдық-этикалық нормаларды сақтау қажеттігі түсіндірілді», — деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінен.

Оның бұл бірінші құқықбұзушылығы емес екені белгілі болды. Бұған дейін ол ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты оның қазіргі әрекеті қайталанған құқықбұзушылық деп бағаланып, әкімшілік іс сотқа жіберілді.

Сот шешімімен құқықбұзушы 86 мың теңге айыппұл төлейтін болды.