Photo: Евгений Качин (https://www.pexels.com/@123396308) / Pexels
- 11 мар. 2026 18:30
- 29
30 жыл бұрын сатылған көлікке салық келді: Қазақстандықтар не білуі керек?
Көлігіңізді саттыңыз ба? Онда жаңа иесінің атына аударғаныңызға көз жеткізіңіз. Әйтпесе, 30 жыл бұрын сатылған көлікке де салық төлеуге тура келуі ықтимал. Бұл жағдай қазақстандықтарды алаңдатуда.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күтпеген хабарлама
Азаматтар көлігін сатқаннан кейін оған қатысты салық міндеттемелерінен құтылдым деп ойлайды. Алайда, көлік жаңа иесінің атына ауыстырылмаса, ескі иесіне салық есептеліп жатады. Жақында бір қазақстандыққа 1996 жылы сатылған Ford Granada көлігі үшін 107 мың теңге көлік салығы мен 118 мың теңгеге жуық айыппұл келген.
Неге бұлай болды?
Мәселе мынада, азамат көлікті сенімхатпен сатқан, бірақ сатып алушы оны өз атына ресімдемеген. Содан бері, яғни 2013 жылдан бастап көлік ескі иесінің атында болып келген. Салық органдары бұл мерзім ішінде 13 рет ескерту хат жолдап, алты рет өндіріп алу туралы бұйрық шығарған. Алайда, көлік иесі бұл хабарламаларға мән бермеген.
Заң не дейді?
Салық кодексінің 65-бабына сәйкес, салықтар бойынша талап ету мерзімі – үш жыл. Бірақ бұл ереже тек жаңадан анықталған салық міндеттемелерін есептеуге немесе түзетуге қолданылады. Егер салық органдары бұрын хабарлама жіберіп, оны өндіріп алуға әрекет жасаған болса, онда талап ету мерзімі қолданылмайды. Бұл жағдайда барлық жинақталған қарызды өтеу қажет болады.
Маңызды ескерту
Көлігіңізді сатқан кезде, оны міндетті түрде жаңа иесінің атына аударыңыз. Әйтпесе, техникалық құжатта көрсетілген тұлғаға салық есептелуі жалғаса береді. Сондай-ақ, салықтық берешекті растайтын хабарламаларды елемеуге болмайды. Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірге дейін барлық көлік иелері өз көліктеріне салық төлеуі тиіс.