
- 28 авг. 2025 22:11
- 19
Абай облысының әкімі Үржар ауданында бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті
Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Үржар ауданына барып, әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және шешімін күткен мәселелермен танысты.
Әлеуметтік-экономикалық даму және жоспарлар
Алдымен облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Жиында ауыл шаруашылығы, инвестиция, инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларындағы жобалар сөз болды.
Үржар ауданы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша облыста екінші орында. Биыл 113 мың гектар егістік игеріліп, шаруаларға 1,9 млрд теңге несие берілді. Сонымен қатар, 7,8 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Ауыз сумен қамту бағытында аудандағы 5 ауылға су тартылып жатыр. Қызылту ауылындағы су жүйесі аяқталуға жақын, жұмыс толық біткен соң 582 тұрғын таза ауыз сумен қамтылады. Жалпы аудан халқы кезең-кезеңімен 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылмақ.
Биыл облыста 358 шақырым жол жөнделсе, оның ішінде Жоғарғы Егінсу, Жанай, Ақжар, Жаңа Тілек, Қарақол ауылдарының көшелері орташа жөндеуден өтті. Ақжар ауылында 3,9 шақырым жол жөнделіп, сапасы тексерілді.
Білім беру саласында Үржардағы Абай атындағы мектеп-балабақша мен Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жасалуда. Жеті мектепке пәндік кабинеттер орнатылып, 425 жаңа парта мен асхана жабдықтары алынды.
Мәдениет және спорт саласында Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық клуб салынды, Үржарда Мәдениет үйінің жобасы дайындалуда. Аудандық ауруханаға жаңа медициналық жабдықтар алынып, жыл соңына дейін күндізгі стационары бар амбулатория пайдалануға берілмек.
Тұрғындардың өтініштері
Кездесу соңында ауыл тұрғындары Мәдениет үйі, спорт кешені, балабақша, медицина қызметкерлеріне жатақхана, жол және ауыз су мәселелерін көтерді. Берік Уәли барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
«Үржар – шежірелі тарихы мен еңбекқор халқы бар қасиетті мекен. Мұндағы мәселелерді білемін, рет-ретімен шешілетін болады», – деді облыс әкімі.
Жеке қабылдау
Облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Көтерілген түйткілдер қатарында денсаулық сақтау, дәрі-дәрмекпен қамту, әлеуметтік көмек, тұрғын үй мен инфрақұрылым жайы болды. Әкім әрбір өтініш назардан тыс қалмайтынын, тиісті басқармаларға тапсырма берілгенін жеткізді.
Арнайы әлеуметтік орталық
Берік Уәли «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» барды. Мұнда 56 балаға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Қазіргі уақытта орталық жанынан қосымша ғимарат салынып жатыр. Нысан іске қосылған соң қамтылатын балалар саны 70-ке жетпек.
Аймақ басшысы мердігерге құрылыс қарқынын арттырып, жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды.