Видеодан кадр
- 07 янв. 2026 19:48
- 41
Асель ТАШИБАЕВА
Алматы облысында ұрылар үйір жылқыны атып, сойып әкеткен (видео)
Бұл оқиға жай ғана мал ұрлығы емес, ауылдық жердегі қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді. Зардап шеккен фермер құзырлы органдардың жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтып отыр.
Оқиға Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылының маңында орын алған. Қаскөйлер жай ғана ұрлық жасап қоймай, қолдарына қару алып, екі үйір жылқыны нысанаға алған. Оның төртеуі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, қалған төртеуі ауыр жараланып, қансырап қалған.
Қарақшылардың әрекеті тым қатыгез болған. Олар атып өлтірген жылқыларды түнімен сойып, тек етін сылып алып кеткен. Оқиға орнында терісі мен басы ғана қалған.
Зардап шеккен шаруа қожалығының иесі Қизаттың айтуынша, ол 4 қаңтар күні кешкісін малдарын түгендеп, қожалық маңына жинаған. Алайда, түн жамылған ұрылар малды Алматы-Қорғас күрежолы аумағына иіріп әкеліп, оқ атқан.
«Түнде ұрылар жылқыға оқ жаудырған. 4 бас жылқыны сойып, етін алып кеткен. Тағы 4 жылқыға оқ тиіп, қазір қорада қансырап тұр», — дейді күйінген шаруа.
«Айғақ заттар бар, бірақ нәтиже жоқ»
Ең өкініштісі, ауыл тұрғындары полицияның жеделдігіне күмәнмен қарап отыр. Тұрғындар тәртіп сақшыларын күндізгі сағат 11:00-де шақырғанымен, жедел тергеу тобы оқиға орнына тек қараңғы түскенде, сағат 18:00 шамасында жеткен.
Фермердің сөзіне қарағанда, оқиға орнында қылмыскерлерден қалған темекі тұқылы, судың құтысы және атылмай қалған оқтар табылған. Алайда, жәбірленуші полицияның істі ашуға деген құлшынысын байқамағанын айтады.
«Заң мен тәртіп үстемдік құратын елдегі әрекет осы ма? Полиция тек формалды түрде жұмыс істегендей болады. Әдеттегідей сылбыр, үнсіз», — деп ашынды қожалық иесі.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары үрей құшағында отыр. Қарулы ұрылардың еркіндікте жүргені халықты қолдағы азғантай малын жайылымға шығарудан қорқуға мәжбүрледі.
-
Moscow’s warships are accompanying the tanker Marinera in the North Atlantic, raising stakes for energy shipping and sanctions enforcement after the vessel renamed from Bella 1.