gosrating
- 28 мар. 2026 19:00
- 29
Алматыда құрылыс лицензиялары 5 миллионнан сатылған: Досаев пен Сағынтаев тұсындағы ірі жемқорлық әшкереленді
Алматыда құрылыс саласындағы ірі жемқорлық схемасы әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігі 400-ден астам компанияға заңсыз құрылыс лицензиясын алып берген топты анықтады. Бұл заңсыздықтар Бақытжан Сағынтаев пен Ерболат Досаев қала әкімі қызметінде болған кезеңде орын алған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жалған құжаттармен лицензия алған
Прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген тергеу барысында, 2021 жылдан бері қылмыстық топ Алматы қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істегені анықталды. Олар арнайы техника мен білікті инженер мамандары бар деген жалған құжаттарды дайындап, «Е-лицензиялау» жүйесіне енгізген.
Осылайша, 400-ден астам мекеме еш кедергісіз бірінші санаттағы сәулет және құрылыс лицензиясын иеленген. Ұйымдастырушылар әрбір заңсыз лицензия үшін 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін ақша алған.
Бұрынғы әкімдердің қатысы бар ма?
«ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ» телеграм арнасының мәліметінше, бұл заңсыздықтар 2021 жылдан басталған. Сол кезде Алматыны Бақытжан Сағынтаев басқарған (2019 жылдың маусымынан 2022 жылдың қаңтарына дейін). Одан кейін қала әкімі қызметіне келген Ерболат Досаев 2025 жылдың мамырына дейін жұмыс істеді.
Қазіргі уақытта тінту жұмыстары жүргізіліп, іске қатысты құжаттар мен заттай айғақтар тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.