
- 21 июн. 2025 10:00
- 122
Ақтаулық түлектер мерекелік кештен бас тартып, жүрекпен бөлісті
Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейдің 11-сынып оқушылары биылғы мектеп бітіру кешін қайырымдылықпен алмастырды. Жас түлектер сән-салтанатты мерекеден бас тартып, оған бөлінетін қаражатты ерекше қажеттілігі бар балаларға көмектесетін «Періште» орталығына аударуды жөн көрді.
Игі іске лицейдің 97 түлегі бір ауыздан келісіп, ортақ шешім қабылдаған. Бұл – тек материалдық емес, рухани дамудың да айқын көрінісі. Олар бұл бастаманы өмірлік ұстаным мен жауапкершіліктің символы ретінде бағалайтынын жеткізді.
Мектеп ұжымы мен ата-аналар да бұл шешімді қолдап, жас түлектерге алғысын білдірді. Ал «Періште» орталығының ұжымы бұл көмектің балалар үшін үлкен қуаныш пен қолдау екенін атап өтті.
Жастардың бұл әрекеті – өзгелерге үлгі, қоғамда мейірімділік пен жанашырлықтың әлі де бар екенін дәлелдеген жарқын оқиға.