
- 03 июл. 2025 11:13
- 24
Экс-вице-министрлер парамен ұсталып, ірі көлемдегі заңсыз сыйақы әшкере болды
Қаржы мониторингі агенттігі бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың ірі көлемде пара алу дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Қылмыстық іске «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы тартылған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, «Бірінші кредиттік бюро» басшылығы қаржы институттарының сұранысына қызмет көрсету барысында өз мүдделерін ілгерілету үшін мемлекеттік мекеме басшыларына жүйелі түрде пара берген.
28 маусымда Алматыда кезекті 75 мың доллар пара беру сәтінде бірден үш тұлға қолға түсті:
- Рустам Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры,
- Аслан Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» басшысы, бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары болған,
- Дәулет Арғандыков – бұрынғы басшы, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.
Тергеу аясында тінту жүргізіліп, 370 мың АҚШ доллары және 4,5 млн теңге тәркіленді.
30 маусымда сот қаулысымен үшеуі де екі айға қамауға алынды. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.