Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 14 мар. 2026 01:30
- 25
Иран елшісі: Қазақстанға тікелей қауіп жоқ, бірақ болашақта жағдай өзгеруі мүмкін
Иранның Қазақстандағы елшісі Әли Акбар Джоукар баспасөз мәслихатында Таяу Шығыстағы әскери жағдайларға байланысты Қазақстан мен Орталық Азияға тікелей қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен, елші болашақта Ирандағы тұрақсыздық аймаққа қатер төндіруі ықтимал екенін ескертті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Болашақтағы қауіп
Журналистердің «Соғыс салдары Қазақстан шекарасына дейін жетуі мүмкін бе?» деген сұрағына елші былай деп жауап берді: «Қазақстан үшін ешқандай қауіп жоқ. Тек болашақта Иранда тұрақсыздық немесе жаппай тәртіпсіздік орнаса, Орталық Азия аймағы үшін белгілі бір қауіп туындауы мүмкін. Ондай жағдайда Таяу Шығыстан экстремистер мен террористердің ену қаупі пайда болуы ықтимал», - деді Әли Акбар Джоукар.
Каспий теңізіндегі қауіпсіздік
Сондай-ақ, БАҚ өкілдері Каспий теңізіндегі кеме қатынасының қауіпсіздігі туралы да сұрақ қойған. Елшінің айтуынша, Каспийдегі қауіпсіздікке ең алдымен жағалаудағы мемлекеттердің өздері жауапты.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Соңғы мәліметтерге сәйкес, шабуылдар салдарынан Иранда кемінде 1300 адам қаза тапты.