tengrinews.kz
- 20 февр. 2026 11:30
- 19
Ішкі істер министрлігі Android телефон иелерін алдау әдісі туралы ескертті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат. Қазақстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) азаматтардың Android смартфондарына зиянды бағдарламалар арқылы қол жеткізуге бағытталған жаңа алаяқтық схема туралы ескертті. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Алаяқтар әртүрлі әдістерді қолданады. Олар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишинг сілтемелерін жіберуі, жалған мобильді қосымшаларды таратау немесе фото, видео, құжаттарды желеу етіп, зиянды файлдарды таратуы мүмкін.
Сонымен қатар, қылмыскерлер мемлекеттік органдар, банктер немесе жеткізу қызметтері атынан хабарламалар жолдап, тіпті телефон соғып, түрлі ұйымдардың қызметкері болып көрініп, акцияларға немесе ұтыс ойындарына қатысуды желеу етіп, қосымшаны орнатуға көндіреді.
Мұндай бағдарлама орнатылғаннан кейін, қылмыскерлер құрылғыға қашықтан қол жеткізе алады. Бұл өз кезегінде банк шоттарынан ақша ұрлауға, онлайн несиелер рәсімдеуге, жеке деректер мен хат-хабарлардың құпиялылығын бұзуға, тіпті телефонды бұғаттап, бопсалауға әкелуі ықтимал.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Ведомство мамандары үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қосымшаларды орнатпауға, SMS хабарламаларынан келген кодтарды ешкімге хабарламауға және күмәнді сілтемелерге кірмеуге кеңес береді.
Сондай-ақ, қосымшалардың сұрап отырған рұқсаттарын мұқият тексеріп, антивирустық бағдарламаларды қолдану және банк операциялары туралы хабарламаларды қосу қажет.
Құрылғының зақымдалғанын қалай анықтауға болады?
Мамандар құрылғының батареясының тез таусылуы, қызып кетуі және белгісіз қосымшалардың пайда болуы сияқты белгілерді атап өтті.
Егер құрылғының зақымдалғанына күдік туындаса, дереу интернетті өшіріп, банкке хабарласып, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.