Последнее обновление

(Время обновление 12 минут назад)
Мектептегі "шоу-сабақтар" білім сапасын төмендетеді: Мұғалім министрге үндеу жолдады

Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа ережелері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы орайда, белсенді педагог Айман Сағидулла Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға үндеу жолдап, жүйедегі кемшіліктерді ашық айтты.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Педагогтың айтуынша, бірнеше ай бойы жұмыс тобында болған мұғалімдердің өзі жаңа өзгерістерден хабарсыз қалып отыр. Айман Сағидулла аттестация кезінде талап етілетін ашық сабақтардың формалдылыққа айналғанын, бұл "шоу-сабақтардың" мұғалімнің уақытын ғана емес, оқушылардың білім алуына да кері әсерін тигізетінін алға тартты.

"Шындықтың қанын жалағанымыз дұрыс еді"

Айман Сағидулла өз сөзінде мұғалімдердің аттестациядан өту үшін "шоу-сабақтар" көрсетіп, уақытты босқа өткізіп жатқанын сынға алды. "Өтіріктің майын ішкенше, шындықтың қанын жалағанымыз дұрыс еді. Бір өтіріктен құтыла алмай жүргенде екінші өтірік. Жұмыс тобынан шығып кеткенім жақсы болды. Әйтпесе оқушылардың көз жасына қалар едім", - деп жазды ол.

Бағалау жүйесіне күмән

Педагог сонымен қатар, қазіргі бағалау жүйесінің, атап айтқанда, тоқсандық және жылдық бақылау (БЖБ мен ТЖБ) нәтижелерінің шынайылығына да күмән келтірді. Ол портфолио мен қосымша құжаттарды алып тастап, оның орнына пәндік тестті сақтап қалуды ұсынды. "Мектеп бағдарламасына негізделген тестті білімі бар мұғалімдердің бәрі тапсыра алады. Ал 50 сұрақтан қашатын мұғалімге 140 сұрақтық тестке оқушы дайындауды тапсыру – орынсыз", - деп есептейді ол.

Айман Сағидулла министрлікті аттестация талаптарын қайта қарап, мұғалімдерге артық жүктеме түсірмейтін тиімді жүйе қалыптастыруға шақырды.

Новости

Реклама