Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Өлім шыққан ауылға...
Өлім шыққан ауылға
Ойбайлап қазақ шабады.
Өтірік жылап көз жасын
Қайдан да болса табады.

Қаралы қатын, қыздары
Дауыс қып әнге салады.
Таяқ ұстап еркектер
Бүкшиіп тұра қалады.

Епті жігіт ентелеп,
Түсіріп аттан жетелеп,
Бата оқыршы бауырымдап,
Еркектерге барады.

Кезекпе-кезек көрісіп,
Көзінің жасын төгісіп,
Көңіл айтып берісіп,
Азар тыным алады.

Ойбайлап шабу мақұл ма?
Жыласа да жақынға,
Қазақтың мұндай әдеті
Тіпті теріс ақылға.

Аяңдап-ақ жүрсеші,
Бақырмай үйге кірсеші.
Жылы жүрек шын сөзбен,
Көңіл айтып көрсеші.

Бір күні сондай ауылға
Үшеу шауып келсе егер,
Таяқ ұстап еркегі
Дайындала берсе егер.

Үшеуі болса қалпақты,
Оны көзі көрсе егер,
Амандаспай ешкімге,
Сұрланып үйге кірсе егер.

«Ойбай, орыс келді!» – деп,
Балалар қашып кетсе егер.
«Бір үстел тап жылдам!» – деп,
Біреуі әмір етсе егер.

Ауылатком бір уәкіл,
Бірі болса комсомол,
Қағаз алып жалма-жан
Жазып жатса протокол.

«Бұлар – жуан, мықты» деп,
«Қару алып шықты» деп,
Тізіп алып кетпекші
Болса оларды қолма-қол.

«Қаралы ауыл едік» деп,
«Таяқ ұстап келдік» деп,
«Бата оқыршы едік» деп,
Жалынып азар ұқтырса ол.

Шай менен ет асылса,
Қант-бауырсақ шашылса,
Ашу, аптық басылса,
Сөз аяғы болса сол.

Неден болды бұл жұмыс?
Орынсыз әдет, қылған іс,
Ұлықсып асқан бос шабыс,
Екеуі де теріс жол.

Бұл әдетті тастаңыз,
Тура жолға бастаңыз.
Ұлығымсып аспаңыз,
Ел түзеуге епті бол.

Чиновник ісін қылмаңыз,
Әділет жолын тыңдаңыз,
Қорқытып елді қойсаңыз,
Тез түзеліп, жылдам тол!


You Might Also Like

Новости

Реклама