Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Өкінішті өмір
Қайғылының iшiнде жанар жалын,
Шалмай қоймас жалыны жолдастарын.
Өзiмдi ұрған мiнездi сөгемiн деп,
Тiлiм тисе сiздерге, кеш, достарым.

Тiлi ащы деп, жiгiттер, менi сөкпе,
Ашулының әр сөзi тиер көпке.
Өткен өмiр – өкiнiш, ой жаралы,
Дертi қалың делбемiн шiрiк өкпе.

Құры тiлмен зарланып сайраулымын,
Қол-аяғым бос емес, байлаулымын.
Улы жүрек, долы тiл сөйлеп отыр,
Ыза қысып тiсiмдi қайраулымын.

Ащы сөзiм – достығым, дінге нансаң,
Кемдiгiм – келiстiрiп айта алмасам.
Түпсiз суға байқамай түсiп алып,
«Аулақ жүр» деп‚ доспын ғой‚ айғайласам.

Менiң дертiм, жiгiттер, емес оңай,
Болып едiң дейсiң ғой қашан олай.
Басқа түссе байқарсыз бәрiңiз де,
Ойланбаған өмiрдiң бәрi солай.

Ескерусiз бар өмiр кетсе желге,
Ақыл, айла, қайратың ақса селге,
Мақтанқұмар партия күйлесеңiз,
Мен сықылды боласың сен де делбе.

Осыларды өнер деп өлсең сенбе,
Онан басқа өнер көп iздегенге.
Өкiнiшiң өлiмнен қиын болар,
«Мақсұтым не?» деп ойлар кез келгенде.

Осы кезде кiсi жоқ менен жаман,
Сөзiм ащы тиген соң сiзге таман.
Достығым ба, байқарсыз, қастығым ба,
Бiздiң ойды сiз де ойларсыз болса заман.

Тамам елдi қорлаған мен ғой бүгiн,
Ләйiм, жылда солардың қылма түгiн.
Менiң биiм – өзiңнiң ақ жүрегiң,
Сөзiңдi ұқ та дауыңды айт, соған жүгiн.

«Мақтан үшiн iс қылып көрдiм бе?» – де,
«Ашу мен құмарлыққа кiрдiм бе?» – де
«Өнерсiз жалқаулықпен жанды сатып,
Ант iшiп партияда жүрдiм бе?» – де.

Ез, ерiншек, қорғалақ, шабан болсаң,
Не мақтаншақ, дарақы, надан болсаң‚
Есi-дертiң – партия, ел билемек,
Залалкес хайуаннан жаман болсаң.

Бұлардың бәрi болсаң, өкпелеме,
Мiнiн айтса шын жақсы кектене ме?
Арам безден арылып әдiл жүрсең,
Ақ жаратқан Құдайың жек көре ме?

Таза болсаң, ондайға жоламай өт,
Ақ жүрегiң ақтаса, құтылып кет.
Оған болмай құтырсаң, өз сазайың,
Итпен бiрге ит болған сен де төбет!

Ащы тiлмен мен айттым ел мiнезiн,
Сөздiң терiс‚ мақұлын салмақта өзiң.
Өтiрiгiн тап-тағы жүзiқара қыл,
Ыза болсаң, кек алар сол ғой кезiң.


You Might Also Like

Новости

Реклама