
- 07 авг. 2025 14:50
- 31
Қарағандыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған ер адамның өліміне қатысты туыстары күдік келтіріп отыр
Қарағандыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған ер адамның өліміне қатысты туыстары күдік келтіріп отыр
Қарағандыда 40 жастағы Нұргелді Наукеновтің жұмбақ өліміне қатысты оның туыстары бұл қастандықпен жасалған әрекет болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Марқұм қалаға ұлының оқу ақысы мен пәтер ақысын төлеу үшін келген. Алайда, сол сапарынан кейін үйіне оралмаған.
Оқиға 1 миллион теңге алып Қарағандыға келген Наукеновтің пәтер жалдап, сол күні танысымен бірге дәмханаға баруынан басталады. Куәгерлердің айтуынша, кешкі ас үстінде бірнеше бейтаныс адам қосылып, белгісіз біреуі оны итеріп жіберген. Ер адам ауыр соққыдан құлап, есінен танып қалған. Кейін оны ес-түссіз күйде таксиге отырғызып, жалға алынған пәтердің алдына тастап кеткен.
Туыстарының сөзінше, Нұргелді пәтерді таба алмай, көшеде сенделіп жүргенде көршілер полиция шақырған. Алайда тәртіп сақшылары ауыр жарақаты бола тұра жедел жәрдем шақырмаған. Қайта үш сағат бөлімшеде ұстап, кейін 16 жастағы ұлын шақыртып, әкесін соған тапсырған. Ұлы қонақүйден бөлме жалдап берген. Нұргелді сол жерде жалғыз өзі көз жұмған.
Марқұмның жақындары бұл өлімнің кездейсоқ еместігін айтып отыр. Олардың пікірінше, бұл – алдын ала ұйымдастырылған шабуыл. Олар полицияның әрекетіне де күмән келтіріп, істің әділ тергелуін талап етуде.
Қазір оқиға бойынша тергеу басталған. Ал қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар бұл істің жіті бақылауға алынуын сұрап отыр. Наукеновтің туыстары болса, жауаптылар жазасыз қалмауы тиіс дейді.