
- 15 мая 2025 10:01
- 39
Садыр Жапаров: “Кенесары – батыр, бірақ қырғыз жеріне басып кіргені – шындық
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қазақ пен қырғыз арасына іріткі салуға тырысқан ақпараттық шабуылдарға жауап беріп, Facebook парақшасында арнайы жазба жариялады. Ол екі халықты бөлуді көздеген арандатушыларға қарсы тұруға шақырды.
Жапаровтың үн қатуына «ПолитПрогноз» YouTube арнасында жарияланған «Тайна Кенесары хана» атты видео түрткі болған. Аталған видеода Кенесары хан мен қырғыз арасындағы қақтығыс мәселесі көтеріліп, тарихты бұрмалау әрекеті байқалған.
Қырғыз лидері Кенесары Қасымұлының отаршылдыққа қарсы күресін мойындап, оны “нағыз батыр” деп атағанымен, оның қырғыз жеріне басып кіріп, соған лайық жауап алғанын тарихи шындық ретінде мойындау қажет екенін айтты.
Жапаровтың айтуынша, Кенесары мен Ормон ханның арасындағы текетірес билік пен үстемдік үшін болған. Ормон ханның әскери айласы – «Ормон опуза» арқылы қырғыз әскері жеңіске жеткен. Президент шайқастың нақты Токмок маңында өткенін, орыс әскерінің қатыспағанын, бұл – таза қазақ-қырғыз қақтығысы болғанын баса айтты.
«Қазақ пен қырғыз ежелден туыс халық. Арамызды ажыратуға тырысатын күштерге бой алдырмайық. Бұл – бірлікті қажет ететін заман. Менің әжем – қазақ қызы. Біз бір-бірімізге жиен, туыс халықпыз», – деді ол.
Соңында Садыр Жапаров жастарды арандатушыларға ермей, тарихи мәселелерге объективті баға беруге, екі елдің достығын нығайтуға шақырды.