Алматыда түнгі тексеру барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері тыйым салынған заттардың ірі партиясын тапты. Полицияның алдын ала дерегінше, жалпы салмағы бір келіден астам синтетикалық есірткі туралы сөз болып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Полиция департаментінің нақтылауынша, қаланың Наурызбай ауданында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері 25 жастағы ер адамды ұстаған.
Каршеринг көлігін қарау кезінде жолаушы орнынан скотчпен оралған 30 орама салынған сөмке табылды. Ішінде ақ түсті ұнтақ зат болған. Алдын ала дерек бойынша, бұл — мефедрон, ал тәркіленген заттың жалпы салмағы бір келіден асқан.
Бұнымен табылған дүниелер бітпеді: ұсталған адамның тұрғылықты жерінен шамамен бір келі ұнтақ зат салынған контейнер, сондай-ақ жалпы салмағы 50 грамм шамасындағы өсімдік тектес зат — болжам бойынша гашиш — салынған екі орама табылды.
«Алдын ала дерек бойынша, ұсталған адам есірткі желісінде курьер болып жұмыс істеген. Ол мессенджер арқылы жасырын орындардың координаттарын алып, тыйым салынған заттарды алып кетіп, әр тапсырыс үшін ақы алған», — деді полицияда.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген зат сараптамаға жіберілді.


