Астана тұрғыны BMW көлігінен мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыратын құрылғы табылған соң бір жылға көлік басқару құқығынан айырылып, бес тәулік әкімшілік қамауда отырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Алаш даңғылында шамамен 10:20-да болған. Полицейлер тексеру үшін BMW маркалы көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көлікке мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгісін жасыруға мүмкіндік беретін арнайы құрылғы орнатылғаны анықталды.

«Мұндай құрылғыларды пайдалану көлікті сәйкестендіруді, құқық бұзушылықтарды анықтауды және жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылауды қиындатады», — делінген ведомство хабарламасында.

Осы дерек бойынша 38 жастағы жүргізушіге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

«Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен жүргізуші бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — деп қосты полицияда.

Елордалық полиция жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын және көлік құралдарын пайдалану кезіндегі заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады.