Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абай мен Зере (көрініс)

(Көрініс)

Сахнада кимешек киіп, ұршық иіріп Зере (Тоқбала) әже отырады.​ Сырттан ентігіп кірген бала Абай:

- Әже, Кәрі әже деймін!

- Ау, Телқара! Құлыным?! Бірнәрсе дедің бе? (Кимешегінен бір құлағын сыртқа шығарып,​ жүзін Абайға бұрады. )

-​ Үйге бір топ аттылы кісі келді...! Ішінде қу тілді, сары жігіт бар екен.​ Мені көріп: "мына Шаншардың жаман жиенін, әкесі жоқта жақсылап қамшылап алайын ба?" - деп,​ мазақ қылды...​ Анамнан сұрайын десем, қонақтан қолы босар емес?! Менің нағашымның есімі​ - Тұрпан емес пе? Ендеше мына шатақ сары, неге мені "Шаншардың жиені"- деп,​ жек көріп тұ

-​ Әп, бәрекелді құлыным! Жігіт болып, жеті атасын түгендеуге жараған Телқарадан айналдық! (Әжесі ырза кейіппен азырақ күліп алып):

-​ Ұлжан келінім Орта жүз, Қаракесектен тарайтын Шаншардың тұқымы!​ Шаншардың Нұрбике деген әйелінен туған Бертіс биден: Мөшке, Битен, Шитен деген немерелері өрбиді. Битеннен - Қантай, Тонтай, Тұрпан, Тұрпаннан - сенің анаң Ұлжан мен Молқара апаң дүниеге келген. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел, Шаншардың қулары дегенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құсты сөз қылғандай сөйлейді. Жәрмеңке сияқты қалың жиындарда, бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: "ойбай, Шаншар келе жатыр!" деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса түңлігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз табуымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді. Жаңағы сары жігіт те Шаншардың уытты әзіліне ілігіп, ішіне кек тұтып жүрген біреу болды ғой...?! Ас пісіп, қонақтармен жүздескенше, нағашыларың жайлы біраз әңгіме қыла тұрайық?!

- Ол кісілерден тараған бір сықақ сөз бар ма әже?

- Е, неге болмасын? Көп қой құлыным! Тонтай нағашың қай бір жылы қатты сырқаттанып, үшкіртуге тағы молда шақыртпақ болған бала-немерелеріне: "Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас"-деп, өз бетін өзі жауып, пәниден бақиға күліп аттанған десіп жүр жұрт! Анаңда да кесек сөйлейтін шешендік, осып сөйлейтін өткірлік барын талай байқағанмын...! Әркім жатырына тарта туады...! Нағашыларың сөзге ұста, өз аталарың мінезді болғанда, олардан қашып сен қайда бармақсың...?! Бұйыртса,​ сен де шешен, турашыл,​ ақылды боласың құлыным!

-​ Әже! Кәрі әжем менің! Сіз болмасаңыз соншама ертегі, дастан, аңыз-әңгімелер мен шешендердің сөздерін, кім айтып берер еді маған?! Сіз бір жатқан алтын сандықсыз ғой?!

-​ Қоңыр қозым-оу, менің! Құйма құлағым! Қане, ендеше! Кәрі әжеңе жаттаған дастандарыңның бірін айтып бере қойшы...?!
​(Осы кезде сырттан келген тағы бір бала):

-​ Кәрі әже! Ас дайын болып қалды! Отауға жүріңіз! - дейді.

- Қане, Телқара! Қонақтарды күттірмей, асты суытпай, отау үйге баралық! Әңгіменің дәмдісі мен қымыздың балдысын сол жерде жалғайық?! Қане, қолымнан тарта ғой! Әуууп біссмілләһ!

(Әжесі мен Абай сахнадан кетеді.)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама