Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы әйелдер бейнесі

Ақтау қаласы Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Бүркітбаева Гүлжан Сайынқызы

«Кім жөнінде айтсақ та бәрібір емес пе? Жер бетіндегі жұмыр басты пенде жайында Ә.Кекілбаевша жаза алсақ дұрыс болар еді», - деп А.Бунин айтқандай, заманымыздың заңғар жазушысы, Адай елінің мақтанышы.

Әбіш Кекілбаев көптеген тақырыптарға қалам тартқан. Сонымен бірге жазушы өз шығармаларында аналар бейнесін ерекше сомдаған. Әр замандағы қазақ әйелдерінің қайсарлылығы, ибалылығы, адамгершілігі, ақыл-парасаты, сұлулығы, кең жүректілігін Әбіш Кекілбаев өзінше суреттеген.

Ана-мәңгілік тақырып. Оның бойындағы мейірімділік, жан шуағы, бала үшін басты қамқоршы екендігі, ұрпақ тәрбиесіндегі орны әрқашан жас өскінге тағылымды мәнерімен дәріптеле бермек. Әжесі Зере немересі Абайды ертегі, шежіремен елітіп, дана Мұхтарға  Абай өлеңдерін бала кезінде жаттатып үлгерген Әуез атасы, батыр Бауыржанның әжесі Қызтумас сүйікті немересін бала кезінен ерлікке, Отанын сүюге құлшына тәрбиелеп, әдебиетке құмарлығын оятқан, өздері де ұлтымыздың рухани қазынасын бойларына молынан сіңірген, жан дүниелері бай адамдар болған.

Жазушының бірнеше шығармаларындағы әйел-ана бейнесін төмендегіше талдасақ:

Сонау ғасырлар қойнауында хан, сұлтандар үстемдік еткен замандағы жаралы жүрегі сыздаған аруларды көзге елестетер тарихи романның бірі «Үркерде» жазушы жоңғар хандары Қалдан Серен мен Сыбан Раптан тұсындағы қазақ тұтқындарының қолға түсу сәтін суреттей отырып, көз алдымызға жоңғарлардың қолға түскен әйелдерді қалай сұрыптап, өздеріне күң еткенін баяндайды:

«Сұрыптаушылар қалт-құлт етіп тұрған әйелдердің қасына келді, сығырақ көздері әуелі әйелдердің құрсақ тұсына түсті. Іші сәл бұлтиғандардың бәрін қолдарынан сүйреп, ілгері шығарды. Жау тұқымын арам құрсақ Жоңғар хандығына керегі жоқ. Анадай жерде тас дуалдың түбінде себелеп жауған жебеге жем болды.Енді олардың көздері әйелдердің шаштарына түсті. Бір тал ақ шашы барлар жоңғар сайыпқырандарын қарық қылмақ емес. Әлгі опат болған тас дуалдың түбіне енді бүкшең-бүкшең етіп, кәрі-құртаң кетіп бара жатты. Кінәмшіл сығырақ көздер сай - сүйектерін сырқыратып қосақтаулы әйелдерді бір сүзіп шықты. Жалпақ, сығырақ көзді келеңсіз беттілер де тұқым аздырады деп тас дуалға тоғытылды. Жоңғар төсегі, жоңғар еліне тек көз жауын алатын сұлулар ғана керек.» (1,275-276 беттер).

Жазушының шеберлігі сол, оқырманын 17 ғасырдағы қалмақ-жоңғар соғысын өз көздерімен көргендей етіп еліктіреді. Бұл – сол дәуірдегі қайғылы ана зары,кім екенін айта алмай күңіренген ана!

«Үркердегі» әйелдер – аналар, арулар, тарихи бейнелер, өз заманының парасатты тұлғалары Патшайым, Бопай ханым сынды бәйбішелер, Торғын сияқты қатыгездік құрбаны болған әлсіз арулар.

Әбіш ағаның келесі әңгіме, повестерінен соғыс жүректеріне жара салған әйелдер бейнесін көреміз. «Ең бақытты күн» әңгімесінде майданнан жары оралған келіншектің таң алакеуімнен кешке дейінгі тірлігі, жарына деген сағынышы суреттеледі. Қазақ әйелінің  бұйығы мінезі, ұяңдығы, үлкенге деген инабаттылығы төмендегідей өрбиді:

... Бұл барғанда атасы үйде болмағай да. Онда Дәулет ең болмаса Торғынның хал – жағдайын сұрар еді. Бұл жылап жүрмес пе екен. Ана жылы майданға шығарып саларда атасынан қаймығып жылай да алмаған. Тамағына тығылған ащы жас көкірегін кеулеп, үш – төрт күнге шейін аузын ашса, өксіп – өксіп қалып жүрді. (2,41- бет, 12 – том).

Жазушының «Көз жасы» әңгімесінде басты кейіпкер Ажардың өмірін кенеттен басталған сұм соғыс тас – талқан етеді. Өмірдің бұралаң жолдары болатыны, тағдыр әркімді әртүрлі сынаққа салатыны туралы шығарманың келесі жолдарынан көруге болады: «Өмір деген кексе қу. Оның қыры мен сырына түсіну ешкімнің қолынан келе қоймас. Түсінбек түгілі, оның алдында нәресте сияқтысың. Тәттіні үсті  - үстіне асатады да, кенет ащы бірдеңені аузыңа тоса қояды». (3, 48 – бет).

Соғыс оны күйеуінен айырады. Күйеуі жоқ әйелге сөз көп ереді. «Жүрекке әмір жүрмейді» демекші, Ажар көршісі Жамал апайдың жалғыз баласы Әбенмен көңіл жарарастырады. Жамал апай елдің өсегін құлағы шалып, қарсы болады. Аз күн әурен сүргенмен, ақ пейіл махаббаттың ескерткішіндей қалған жалғыз ұлы оның көкірегін қасірет азабынан арылтады.

Заман да жаңа, адам да жаңа. Қаламгер Әбіш Кекілбаев өзінің келесі туындыларында жаңа замандағы  әйел – аналар бейнесін жасайды.

Әбіш Кекілбаев «Құс қанаты» повесінде өз анасы Айсәуленің бейнесін сомдайды. Бала кезінен аштық – тоқтық, жесірліктің тауқыметін тартқан қайсар ана жалғыз ұлын аман – есен адам қатарына қосуды өз аналық мұраты деп біледі. «Әбіштің анасы», «Айсәуле әже», «Ай – ана», «Ай – енем», «Ел анасы», «Кекілбайдың Айсәулесі» болып дәріптелген Айсәуле ана – қарапайым ғана көргені мен түйгені мол қазақ әйелі.

Ананың туған елі Ондыдан көшер сәті повесте төмендегіше баяндалады:

« ... Бұларды аттандырып салуға келген қатын – қалашқа ожауы мен тарақтарына дейін таратып берді. Төрт қанат шатпаның сүйегі мен қара қазанына ғана тимеді. Қызына тапсырып: «Қарағым, өзің өскен күркені жазда үйіңнің қасына қалқитып тігіп қой. Кім біледі, шахарға үйренісе алмай жатсақ, өз үйім – өлең төсегім дайын тұрады ғой,- деді.

Қаршадайынан жолдас болған мүліктен алғаны қорғасын құйған ұршығы ғана.(4,61-62 беттер).

Бұл – Айсәуле ананың баласы оқу бітірген соі  Алматыға көшер сәтінен үзінді.

Одан әрі Айсәул ана азамат қатарына қосылған қасында оның ой – мүддесін, дос – жарандарын, құдай қосқан жан жарын, тіпті қартайған шағында тап келген бейтаныс қала тіршілігін өзінше танып – түсінуге тырысады. Повесте ананың келіні туралы пікірі былайша баяндалады:

«Келіннің міні жоқ, бірақ етсіз, жіңішке сүйек. Мұндайлардан туған бала шілмиген, шынжау келер. Қасының арасы жақын, иегі сүйірлеу, сәл нәрсеге күйіп – пісетін шытырлақтау болар. Ашуы да тез келіп, тез кетер. Шіркін, арғымақ аттай таралып тұрар ма еді!» (5,93-94 беттер).

Жалғыз ұлы үшін неге де көнген қайран ана жүрегі – ай!

Ана қалаға бірден үйренісе алмап еді: «...Моншасын айтасың – ау, әлгі басына шапан бүркеніп, қалқа қылар қалтарыс іздеп, қыр асып кетпейсің. Әжетханасына дейін отының басында. Бірақ бұл жұмыр басты пенде неге көнбейді, қара кемпір оған да үйреніп алды». (6,63 – бет). Ана қалаға келгелі бері бей – жай, тыныш өмірге әбден үйренген, бала – келінінің жұмыстан келуін күтіп, уақытын өткізіп жатады.

Автор кейуананың тумысынан біткен байқампаздығы мен аңғалдығын, ақыл – парасатын нәзік тілді юмор тілімен суреттеп, ауылда өскен қазақ әйелін қала ортасына алып келіп, ғасырлар бойғы қалыптасқан далалық мінездің о бастағы тұғырдан ауытқымайтындығын, алаңсыз адамшылдық пен қарапайым қайырымдылық әсте жоғалып кетпейтіндігін нанымды суреттейді.

Ал «Шеткері үй» повесіндегі Зухраның жеке басының өмірі адам қызығарлықтай емес. Бір кездегі албырт, сұлу Зехра тағдыр тәлкегіне түскенде қатты күйінеді. Ол өлген күйеуінің аруағы алдында, жалғыз ұлы, туысқандарының алдында әбден күнәға батады. Ендігі серігі – қасындағы қарғылы иті ғана. Ақыр соңында ол ит те далаға қаңғып кетеді.

Жазушы жер бетінде жақсылық, қайырымдылық ұрығын егіп, мәнді өмір сүру керектігін өз оқырмандарына ұғындырады.

Автордың келесі шығармасы «Бір шөкім бұлтта» негізгі кейіпкерлер – Аққаймақ пен Шәйзада. «Қимылы аз, қиялы көп қырда өскен көрікті қызбен, өз ісіне тыңғылықты, қытымыр күндер қиыншылығын басынан өткізе жүріп қыңқ етпеген «жер қозғалса, «қозғалмас» қазақ әйелдерінің бейнелері нанымды, көкейге қонымды суреттеледі. Аққаймақ пен Шәйзаданың мінез – қылықтарын, өзіндік ішкі жан – дүниелерін шынайы бейнелеген. Олар - қарапайым, қайырымды, мінездері ашық күндей жайнаған жайдары адамдар. Автор, әсіресе Аққаймақ бейнесін шымыр суреттеген. Ол – қатыгез тағдыр тәлкегіне мойымаған, жалт етпе минуттық арзан сезімге берілмеген жан. Туған әкесін соғыс жалмады, жан анасын қара жер құшағына мезгілсіз алды. Сүйген жігіті Қаржау алдап кетті.

Тағдыр оны қанша аяғынан шалғанмен, Аққаймақ еш мойымады, қарсыласты. Соңынан өсек сөз де ерді. Шыбық иілгенше сынбайды деп білді.

Жазушы Аққаймақ образы арқылы қазақ әйелінің төзімділігін, рухының асқақтығын шебер суреттей білген.

«Галстук сатушы қыз туралы хикая» атты әңгімеде кәдімгі бүгінгі күннің қыздарының бейнесі жасалған.

Купеде үш қыз, араларына келген Әбенмен танысты. Шара, Ажар, Гүлжан. Карта ойнап, уақыт өткізді. «Ұтылғандарың станциядан түсіп, жүзім әкелің»,- деп бұйырды. Әбен мен Гүлжан орындарынан тұрды. Шара Әбенді қызғанып қалды. Осылай поезда танысқан Әбенге Ажар ғашық болып қалады. Бірақ олар қайтып кездеспейді. Кейін Ажар Әбенді көшеде әйелімен көріп қалады. Міне, бұл әңгімеде қазіргі жастардың махаббаты, қыздардың мінез – құлқы, заманына сай адамының өсу дәрежесі көрінеді.

Анасыз, арусыз, жарсыз тіршілік жоқ. Оларсыз шығарма жоқ. Әбіш ағаның аналары да қазақтың ару тұлғалары.

Ананы ардақтау, қадірлеудің бір көрінісі – Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық торқалы тойында жазушының анасы Айсәулеге арнап «Ай ана» ескерткішінің салынуы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама