Ағаш ат
Бұл — Сабырдың апасына еріп кеп, Алматыны алғаш рет көруі еді. Қала оған керемет ұнады. Әсіресе Алатауға таң қалды. Ұшар басы ақ көрпе — ақ қар; етегі гүл, көк жасыл тал, көктем. Бір өзінде бір жылдың екі маусымының белгісі бар. Алып шыңдары құдды аспанды сүйеп тұрған секілді. Әйтпесе аспан құлап кететіндей.
Қаланың ауа-райы тамаша. Күн ысып-шыжи бастаса, таудан лекілдеп самал еседі. Қала сергіп, желпініп қалады. Ауық-ауық сіркіреп жаңбыр жауады. Көшелердің шаңы басылады. Үйлер мен ағаштар суға шомылып шыққандай тап-таза болады.
Алаңдарда шаттанған балаша фонтандар атқылайды.
Қайда қарасаң да гүлзарлар.
Хайуанаттар паркі өзінше бір ғажайып әлем! Үнді пілі, Африка қолтырауыны, қытай питоны, таудай бегемот, шомбал мүйізтұмсық — бәрі бар. Құйрығы мың сан бояу-өрнекке толы та уыс. Түйеқұс.
Ал цирк дегенің ойын-сауықтың базары. Әлем-жәлем киінген клоундар балалардың ішек-сілесін қатырады. Ебедейсіз аюлар майыса би билейді. Бет-аузы қимыш-қимыш маймылдар күмбез астында әлдебір арқанға жабысып алып шырқ үйіріледі.
Ойыншық дүкені. Іздеген ойыншығыңның бәрі табылады.
Алма, шие, алмұрт дегенің әр үйдің алдында өсіп тұр.
Қаланы қақ жарып күркіреп тау өзені ағып жатыр.
Аяқты аттап бассаң — балмұздақ. Бұрыш-бұрышта мұздай шырын су.
Әйгілі Медеу. Көктөбе, оған ұшып апаратын «сиқырлы қобди »...
Сабыр жеңіл бір күрсінді. Бүгін қаланы армансыз аралаған-ды. Автобусқа да, трамвайға да мінді. Талай жер жаяу да жүрді. Әбден шаршаған секілді еді. Бірақ, неге екені белгісіз, түннің бір уағы болса да, жуық арада кірпігі ілінбеді. Көңілі әлденеге мазасыз. Жанында жатқан Маратқа (Марат — қаладағы нағашы ағасының баласы) көз қиығын салып: «Қандай бақытты, ғажап, ертегі жерде тұрады, сірә, еш арманы жоқ шығар...» — деп күбір леді ішінен. Осылай ойлауы мұң екен, өз-өзінен бір түрлі құлазып кетті. Қиыр шалғайдағы туған ауылын көз алдына елестетті: маң дала, айнала өркеш-өркеш құм төбелер. Жазда — дауыл, құйын; қыста — боран. Мұндағыдай гүлзарлар жоқ. Тырбиған адыраспан, жусан. Жасыл желекті талдың орнына жапырағы шидей сексеуіл, сасық жыңғыл. Сарқыраған тау өзені қайда — су атаулыдан жалғыз бұлақ қана бар... Мынау қаламен салыстырып сөз етуге тұрмайды екен-ау...
Осы сәт Марат:
— Сабыр, ұйықта п қалған жоқсың ба? — деді.
— Жоқ.
— Қызық бір әңгіме айтшы.
— Не айтайын...
Сабырдың әңгіме айтуға зауқы соқпады. Бірақ Марат өтініп қоймады.
— Қызық бірдеңе... Марат пен Сабыр алғашқыда бірін-бірі шамалы тосырқап, жатырқағанымен, көп ұзамай жап-жақсы тіл табысып кетті. Бір-екі рет бастары піспей, төбелесіп те алды. Артынан татуласты. Балмұздаққа тойдырды. Киноғаа парды. Циркті көрсетті...
— Өткенде ауылда үлкен бір той болды, — деп бастады әңгімесін Сабыр.
— Бәйгеге елу ат қосылды. Мен торымен шаптым. Басыма апамның ақ шыт орамалын шарт байлап алдым. Төреші бәрімізді тақырға қатар-қатар тұрғызды да: «Ал жолдарың болсын!» — деді. Сөйтті де шеткі екі аттың сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Тып-тыныш дала кеудесіне жан бітіп, дүбірледі де кетті. Елу ат бірін-бірі омыраулап, сатыр-сұтыр шаба жөнелді. Аспанды көгала шаң көмді. Әуелгіде барлық ат қарайлас отырдық, тобымыз онша жазылмады. Сосын бірте-бірте таралып, жүйріктер суырылып алға шықты. Тастақта аттардың тұяқтарынан жылт-жылт от көрінеді. Біздің торы ақылды ғой, көзі шаңға көмілмес үшін топтан сытылып, мойнын жел жаққа бұрды. Жүгенді қарш-қарш шайнайды. Ен далада делебеміз қозып, қиқулап келеміз. Жүйрік аттар көп. Атшабар балалардың бәрінің үміті — қарақшыға бірінші боп жету. Көңілімізде үміт те, күдік те бар. Жол ұзақ — жиырма бес шақырым. Біраз аттар барлығып, шаң жұтып, шаршап, қарайып төбе-төбенің астын да қалды.
Қайтарда үш ат қатар шаптық. Мен торыны барынша жібермедім. Тізгінді тарта бердім. Әлі жол ұзақ. Ойым — босқа шаршатпау. Ауылға бес-алты шақырым қалғанда қамшы басармын дедім. Алдыңғы екі аттың үстіндегі бала өздерінше мәз. Сірә, енді мені ілесе алмайды деп ойласа керек. «Көрсетермін, бәлем!» — деп кіжіндім ішімнен. Торыға сенімім күшті. Бір кезде Ақсуаттың бұлағына табан іліктіргесін, китің ауанын бұзып, торыны барынша жібердім. Торы да әзер шыдап келе жатыр екен, жұлдыздай ақты. Тымық ауа құйынша құтырып, алдымнан гулеп жел соқты. Аттың жалына желімше жабысып жатып алдым. Тақымымды қатты қысып, тізгіннен тас қып ұстадым. Қолым қарысып қалған секілді. Көзімнен жас парлады. Әне-міне дегенше әлгіндегі екі аттың жанынан қиқулап, зымырап өте шықтым. Содан қарақшыға, сөреге жеткенімді бір-ақ білдім...
Жұрт: «Сарыбұлақ! Сарыбұлақ!» — деп айқайлап жатыр. Сарыбұлақ — біздің ауылдың аты. Сөйтіп торы ат екеуіміз ауылдың атын шығардық.
Марат жаңа ғана, «иә», «сосын» деп ауық-ауық мақұлдап, Сабырдың әңгімесін ынтыға тыңдап жатқан-ды. Кенет тым-тырыс бола қалды. Сабыр:
— Марат, тыңдап жатырсың ба? — деді.
Марат үндемеді. Тым-тырыс. Сабыр көпшіктен басын көтеріп, оның бетіне үңілді: айлы түн еді, бөлме сүттей жарық, Мараттың көзінен сыздықтап жас ағып жатқанын көрді.
— Не болды, бір жерің ауырды ма?
— Жоқ.
— Енді не? Неге жылап жатырсың?
Марат пырс-пырс етіп, сөзін үзіп-үзіп:
— Ал мен... болсам... жаздай ағаш атпен... бөлмеде ғана... шапқылап... жүр... жүрдім... — деді.
Сабыр не деп жұбатарын білмеді...