Қауынның иісі
— Әттеген-ай, ұйықтаңқырап қалыппын-ау… — Әр жерінен мақтасы көрініп тұрған ескі шапанының бір жеңін сұғынып, сүйретіле сыртқа шыққан, арық сары шал есік аузында аңтарылып тұрып қалды. Көзі жыпылықтап қайта-қайта күнге қарай берді. Асығып-үсігіп екінші жеңін сұғынып, қолынан ұстай шыққан үлкен көк орамалмен белін буды. Күн жеген айыр қалпағын алақанына қағып-қағып басына киді.
Қауынды түнгі салқынмен суарған абзал. Оның үстіне соңғы суы… Жоқ. Кешіккенім жоқ… Әлі де алжи қоймас кәрі диқан». Ол өзін-өзі осылай жұбатты. Аздап езу тартып та қойды. Тамның көлеңкесінде ернеуіне лай қатып тұрған тесік кетпенінің басын тақырға бір-екі ұрғанда күннен кеуіп тұрған балшықтар жан-жаққа үгітіле ұшып жатты. Кетпенін иығы на сала ол енді тура бас арыққа қарай жүрді.
Ол тура бас арыққа қарай жүрді. Қауынға дейін соны жағалап бармақ болды. Ұйқыдан соң денесі жеңілденіп, ширап қапты. Құр атқа мінгендей… «Қауын суарардың алдында ұйықтап алғаным қандай тәуір болған», — деп ойлады ол. «Таң саз бере біте алар ма екенмін. Әйтеуір, қандыра суаруым керек. Соңғы суы… Саған да соңғы сын, жадау шал», — деп өз-өзінен күліп қойды. Ол жайшылықта да жай жүру дегенді білмейтін. Бұл жолы тіпті жылдам жүрді. Өйтетін де жөні бар. Су шығаратын мотор бұзылып қап, қауын соңғы суға шөліркеп жетті. Әсіресе, бүгін таңертең қарықтарды түгел аралап көріп, қарттың көңілі жүдеп қайтты. Пәлектер бүрісе бастаған екен…
Нұрекең арыққа жеткенде күн де ұясына батты. Су толып ағып жатыр. Шалдыңжүрегі орныққандай болды. «Таң атқанша осылай ағып жатса, дүниенің жерін суарып алар бұ жұрт». Кетпеннің басын суға бір малып алып, арықжағалап жүріп кетті.
Ол өзінің құлақарығына келді. Жиегіне шөкелеп отыра кетіп, еті қашқан саусақтарымен, құлақ арыққа қойылған трубаның аузына тығылған балшықты тырналай бастады. Су жіберілді. Сол отырған күйі ақырын бұрылып, көз жетер жерге созылып жатқан бітік өскен қауын пәлектеріне қарады. Бір гектар…
«Жалғыз өзім осынша жерді таң атқанша суарып болсам, ерлегенім. Құдайға шүкір, әзір көзімнің де көруі жақсы. Абыржи қоймаспын». Нұрекең лай-лай болған алақандарын суға малып отырып, өзін-өзі жұбатып қойды. «Рас, бұрын шамам келмес деп, бөліп-бөліп суарып жүрдім. Сонда екі-үш күнде суарып болатынмын. Бірақ абыржығаным жоқ. Шүкір, шамам келеді екен. Басқа шалдардай қаусап қалмаппын». Осыны ойлағанда қарттың күнқаққан, сопақ жүзіне күлкі табы ойнап шыға келді. Өз-өзіне риза болғандай, сақалын тарамдай берді….
Қарт биыл жетпіске шықты. Соның елу жылын диқан-шылықпен өткерген екен. Бақса, белі бекіп, бұғанасы қат-қаннан иығына кетпен салып, су жағалапты.
Бұл Нұржан содан бері мұрап та болды. Жүгері де екті. Қауын да екті. Мына қара жердің қыртысымен елу жылдай сырлас болыпты.
Қайда қиын жұмыс болса, колхоз Нұржанды сонда жегетін. Соңғы жылдары ескерусіз қалған шалдың қартайып, зейнеткерлікке шыққанымен, әлі қуаты бар-ды. Бірақ оны елеген ешкім болған жоқ. Ауылдағы сыр мінез кісілер болмаса, басшы, бригадирлер бұрынғыдай шалменен шаруа-шылық жөнінде кеңеспейтін болды.
Осылай жұрт кәрі диқанды ұмыта бастады. Бірақ Нұрекең жайқалған ну көк егісті, көп жыл бауыр басып қалған тесік кетпенін ұмыта алған жоқ. Тіпті де қоштасқысы келмеді. Жыл сайын жеке меншігіне тиген азғантай жеріне қауын-қарбыз егіп жүрді. Күнде елең-алаңнан әдеттегідей иығына кетпенін салып үйден Нұрекең де шығады. Не істеп не қоятынына толық есеп бермейді. Әйтеуір, қыбыр-жыбырмен күнді бір-ақбатырып, үйіне діңкесі құрып жетеді.
Көзін бір ашып, бір жұма отырып кешкі шәйін ішеді. Шәйді оқта-текте бір ұрттап отырып кемпірінің шаң-қылдаған даусын естиді.
— Құдай-ау, осы сорлы шал кімін асырай алмай жүр. Пешенеңе жан тыныштық жазылмаған байғұс, ақыры мұрыныңа су жетпей жүріп, өтерсің бір күні, — дейді. Бірде ұрысса, бірде аяйды. Кейде:
— Ойбай-ай, осы кетпеннің сабы быт-шыт қып, отқа тығып жіберейін бе? — деп ашуланады. Бірақ Нұрекең оның біріне де мыңқ етпейді. Құлағы үйренген.
Осы көктемде Нұрекеңнің басына кішігірім бақ қонды. Соңғы екі-үш жылда колхоз қауынының жөнді бітпей жүргенін жақсы білетін. Көл-көсір ғып-ақ егеді. Бірақ көзін тауып істемеген соң, не керек. Осыны басшылар биыл ойланса керек. Қауынның бабын білетін, көнекөз біреуді іздепті.
Мұны естіп Нұрекең ферма меңгерушісіне өзі барды. Кеңсеге жүрегі алып-ұшып келсе де, кірер жерде: «Япырмай-ай, осының өзі не дер екен? Тағы да бірдеңе айтып ұнжырғамды түсірмесе игі еді», — деп кібіртіктеп қалды. Бірақ шал бар ойын батылдыққа жеңгізді. Ферма меңгерушісінің алдында сасқалақтаған жоқ.
— Әйтеуір, үш ай жаз ғана бейнеті бар нәрсе ғой. Сенсеңдер, мен-ақ айналдырып көрейін, — деп бар ойын ашықайтты.
Қара мұрты едірейген меңгеруші шалға ұзақ қарады. Өзін сынай қарап тұрғанын бұ да жақс түсінді. Үн-түнсіз сазарып тұра берді. «Не дер екен? Қандай мін табар екен менен? Құдайға шүкір, әзір басқалардай белім илігіп, таяқ ұстап көргенім жоқ. Пәлендей ауру-сырқауым тағы жоқ… Тек денемнен ет қашқаны болмаса. Оның есесіне қауынның бабын осы атырапта менен артық білетін адам кемде-кем».
Осындай ойлар шалдың басын шырмап алды. «Зейнеткерсің, саған болмайды» дер ме екен. Өйтетіндей мен күнімді көре алмай келіппін бе?
Олай дейтін болса, шалдың дүрсе қоя беретініне де күмән жоқ еді. Бірақ меңгеруші оны айтпады. Тек ұзақ қадалған көкшіл көздері «Ақсақал, қартайдың ғой. Осыны ойладың ба?» деп тұрғандай. Нұрекең осы бір ойды жазбай таныды. Бірақ жасыған жоқ. Арықта болса тіп-тік денесі, айыр қалпақтың астынан жылтырап тұрған шүңірек көздері «Ойландым. Қуатым бар ғой, шүкір». Меңгеруші осылай аз-кем отырды да: «Сенемін», — деп бір-ақауыз келісімін берді.
Сол күні Нұрекеңнің қуанышында шек болған жоқ. Әншейінде қыбыр-жыбыры көп шал кешке дейін дамыл таппады. Кетпенін қайта саптап шыңдадыда, басын жатарда суға салып қойды. Бірақ не істейтінін, нендей жаңалық болғанын кемпіріне айтқан жоқ.
Бәрібір қуанбайтынын біледі. Нұрекең ол күні үн-түнсіз күндегісінен ерте жатып қалды. Ертеңнен бастап колхоздың бір гектар қауынын өз қарамағына алғанын ойлағанда, оның жүрегі алып-ұшты. Тұла бойын жастықтың оты билеп кеткендей, сол күні көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады….
Нұрекең орнынан тұрып, құлақарықты жағалап, қауынға қарай жүрді. Суда қарыққа жетіп қалған екен. Кетпенін атыздың басына қойып, қауынын аралауға кірісті. Қарықтың ішіне түсіп жатқан пәлектерді кейін қайырды. «Бәрін соңғы суы шешеді» деп диқандар бекер айтпаған ғой. Біраз қарықтарды аралап шалдың көңілі толды. Дәл биылғыдай қуаңшылық жылы қауынның мұндай бітік болуы — аса сирек кездесетін жай.
Нұрекең қарықтың басына шығып тұрып о шеті мен бұ шетіне көз салды. Бәрі де біркелкі шыққан. Әсіресе, қауынды егер кезде ара қашықтығына көп көңіл бөліп еді. Бригадирдің де айтқанын істемей өзі қадамдап, әрбір қарықтың арасын алты қадам еткен. Көкірегіне түйгені көп, кәрі диқан алжаспапты. Пәлектер жазылып еркін өсіпті. Енді көп түйнек салады, әрі қауындары ірі болады.
Әзірше өң бергендері аз. Бұл — қауындар әлі жетіле түседі деген сөз. Нұрекең селдір сақалын саусақтарымен қайта-қайта тарамдап өз-өзіне риза боп қалды. «Қартайғанда атың бір шықса жаман болмадың, жадау шал. Нұржан колхоздың бір гектар қауынына ие бопты дегенде, біреулер ішек-сілесі қатып күлген екен, шалың алжыған екен деп. Шалдың күшін енді көрсін. Көрсін…»
Бойды әлдеқандай қызулық билеп кетті. Тіпті беліне ай қастыра ұстап келе жатқан қолдарының да қалай түсіп кеткенін байқаған жоқ. Жақында колхоздың басқармасы қауынды сырттай байқап: «Ақсақал, биыл колхозға он-он екі машина қауын берсеңіз, ерлегеніңіз», — дегенде, қарт езу тартқан да қойған. Ал қауыны мына сыңайынан он сегіз-жиырма машинаға қазан бола қоймас.
Даланы қараңғылық басты. Терістіктен соққан жел сұп-суық. Бүгінгі түннің салқын болуы кәдік. Қолына кетпенін алып, Нұрекең қауынның ортасындағы үй орнындай ашықалаңға қарай аяңдады. Осы жерден күркенің орнын сайламақ.
Ол жер тегістеп жатып, қауынын тағы бір көзбен шолып өтті. «Ай туғанша ана бір он бес қарықты суарып болсам, қалған бөлігін ай батқанша қалайша бітіре алмас екенмін. Құдайға шүкір, су дегенің көл-көсір. Әйтеуір бір осал жерінен орып кетпегей». Осы бір ойынан шал аздап секем алды.
Күркенің орнын әзірлеп болып, құлақ арыққа барды. Таңдайы кеберсіп қапты. Су ішкісі келді. Бірақ арықтың суы жылымшы, әрі лайсаң екен. Қос уысын толтыра ұрттаған суды қайта бүркіп тастады. «Осындайда ашыған көженің суы болар ма еді. Ыдысымен мұздай суға батырып қойып, көтеріп бір ішсең… па, шіркін, жеті атаңа тиер еді-ау… Шүкір, келін-кешек дегенің ыбырсып жатыр. Бірақбір қазан жүгері көже істеп, ашытып қоюды біреуіне білдірмей қойса қайтесің. Онан да жапырақ-жапырақ болған өздерінің кәпоске көжесін тәуір көреді. О, құдайдың құдіреті…»
Нұрекең жұдырығымен жер таянып орнынан тұрды. Айыр қалпағын олай-бұлай жылжытып, дұрыстап киген болды. Қолына кетпенін ұстады. Тағы да қыбыр-қыбыр тірлігіне кірісті.
Ай тас төбеге келгенше ол қауынның жарымынан көбін суарып болды. Бұған дейін құлақ арықтың үш жерінен су қашты. Осының өзі-ақ Нұрекеңді едәуір шаршатып тастады. Бірақ шал әлі сыр берген жоқ. Тіпті, өзінің бұрынғыдан гөрі қалжыраңқырап қалғанын мойындағысы келмеді. Терістіктен соққан самалға арқасын беріп, кетпеніне сүйеніп тұрып аспанға қарады.
Жұлдыздар жапырлап тұр екен. «Осындай түнде де адам шаршайды екен-ау», — деді ол рақаттана сергіп. Кенет Нұре-кеңнің тәтті ойын бас арық жақтан шыққан сарыл бөліп жіберді. Судың сарылы. Ол тәуір естиді дейтін сол жақ құлағын сарылға тосты. Судың сарылын енді ап-анық естіді.
«Арықтың бір жерін су орып кеткен болды ғой. Ойпыр-р-ай…» Осыны ойлағанда шалдың жүрегі дүрсілдеп кетті. Кетпенін иығына сала сап, арыққа қарай шапанының етегі далақтап, жүгіре жөнелді. Нұрекең жете бере аңтарылып тұрып қалды. Бір қадамдай жерді орып кетіпті. Қашқан су колхоздың жүгерілігіне құлап жатыр.
Мотор таң атқанша жүріп, мына су осы қалпымен аға берсе, атыз толып, қауынды да су басып кетуі кәдік. Шалдың жүрегі аузына тығылды. «Иә, қауынға… — Бүкіл жаз бойғы еңбегім». Ол алдымен қалпағын жерге атып ұрды. Одан соң белбеу, шапанын шешіп тастады. Енді бір сәт кідірсе, орылған жердің екі қадамға жетеріне дау жоқ. Ол кетпенін ала сап, суды кеше жөнелді. Су орған жерге кеп тұра қалғанша не істейтінін ойлаған да жоқ-ты. Рас, арықта оншалықты үлкен болмағанымен, бір кісіге жеңіл де емес. Нұрекеңнің айқайлағысы келді.
«Есіткен сушылар көмекке келер. Бірақ осы уақытқа дейін кім жүрсін. Қайсысы еді жүретін, құдай-ау. Кәдуілгі әдеттерімен құлақ арықтарды ағытып әлдеқашан қайтып кеткен шығар. Иә, рақаттанып ұйықтап жатқан болар, өңшең келібастар», — деп шал кіжініп қойды. «Бұл уақытқа дейін Жұмабай мұрап қана жүруші еді. Бірақ о сорлы қайбір жетісіп жүр дейсің. Оның үстіне құлағы мүкістеу… даусымды естімес те».
Судың мына ағысы топырақ түгілі өзін де жұлып кететін түрі бар. Шалдың есіне кеше ғана «күрке жасасам керек болар» деп әкеп қойған бір бау жас жыңғылы түсті. Бір кәдеге асар деп әкеп қойған екі-үш қазықшасы да бар еді. Солармен тосқауылдап, әрекет жасамаса басқа лажы жоқ. Ол суды шолпылдата кешіп қайтадан сыртқа шықты. Жұлықтары тесік керзі етігіне су кіріп, зілдей боп кетіпті. Нығыздап буылған үлкен бау шыбықты иықтап әкеп, су құлап жатқан жерге гүрс еткізіп тастай салды. Орған жерге кептеліп, жақсы тосқауыл болсын деп, әдейі арықтың іш жағынан тастады. Шыбықтардың екі жағын керзі етігімен жаншып балшыққа кіргізіп жіберіп қазықша қақты. Енді іске кірісе беруге болады.
Нұрекең алдымен арыққа жуық жердегі жантақтарды қыршыды. Бір шөмеледей жантақты домалатып әкеп бау жыңғылдың үстінен тастады. Бір тәуірі, су құлаған жер арықтың енділеу тұсы екен. Бұ да болса үлкен сеп. Енді енсіздеу тұсынан орылғанда бір адам түгілі, бірнеше адамға бой беруі екіталай еді.
Нұрекең арықтан үш-төрт қадам ұзап барып енді топырақтастауға кірісті. Кетпенін құлаштап сермегенде ұңғысына дейін батып кетті. Шал ішінен қуанып қалды. Ыза жер екен. Бұл топырақтың шашылмай, әрі көздеген жеріне дәл түсуіне жақсы, әрі өнімді болады. Оның лақтырған топырақтары бірінен соң бірі дүрсілдеп, жантақтың үстіне түсіп жатты. Әзірше кетпен сілтесі мығым да ширак, Өзінің қазіргі қимылына көңілі толып қалды. Ол кетпенді барған сайын құшырлана сілтейді.
Баяғыда Сунақатаның арығын қазғанда топырақты осылай атушы еді. Құлағына «Әуп-у-пп, әуу-пп» деп, күңіренген еркектердің даусы келгендей болды. Па, шіркін-ай, о да бір қызық заман екен-ау. Ондағы Нұржан қайда қазір… Ондағы қуат, жігер қайда қазір… Мына кетпен сілтесі сол айбатты жастығынан қалған әншейін бір жұрнақ-тағы. Шалдың көзіне бір тамшы жас іркілді. Онда отыздың бесеуінде еді. Енді жетпіске жетті…
Нұрекең сол қарқынымен 40-50 кетпен топырақ атты. Өкпесі сырылдап алқына бастады. Бірақәлі көп топырақтастау керек еді. Сондықтан әлден сыр бергенін кешірген жоқ. Кетпенін құлаштап сермей берді. Бірақ бұл кезде шалдың әдепкі қарқыны басылып, ақ сұрып көйлегі әлдеқашан малмаңдай боп, денесіне жабысып қалған.
Ол бір бұрылып қарағанда осы уақытқа дейін тастаған топырағы арықтың бұлқына аққан суын ұстап тұрарлықтай емес екенін байқап қалған. «Енді бір отыз кетпен тастасам», — деп түйді ол ішінен. Сөйтіп, тағы біраз уақыт кетпенін жан таласа сілтеп бақты. Бірақ әбден сансырап шаршаған денесінің қайтып икемге келмей қалуының да мүмкін екенін ойлап қойды. Шал тағы біраз уақыт сілтеді… Қатты титықтаған екен. Лақтырған топырақтары жан-жаққа шашыла бастады. «Тым болмаса енді бір он кетпен», — деп қайрады ол өзін. Көзіне құйылып жатқан удай ащы терін де елеген жоқ. «Бес кетпен…» Бұл кезде Нұрекең ұңғысына дейін батқан кетпенін әрең көтеріп, әлсіз атқан топырақбей-берекет шашыла берді. Ол тағы екі-үш кетпен лақтырып, саз балшыққа бойлай кірген еңсоңғы кетпенін қайтып суыра алмай қалды.
Ол отыра қап, көйлегінің етегімен бетін сүртті. Кетпеніне сүйеніп, орнынан әрең тұрды. Аяғын ақырындап басып, топырақ тасталған жерге келді. Қалпағын киді, шапанын бір қолтығына іліп алды. Енді тіпті жөнді жүре аларлықта халі жоқекеніне көзі жетті. Ендігі бар ойы құлақ арықтың құбырын бітеу. Өйтпеске лажы жоқ. «Япыр-ай, қауын не күйде екен!» Осыны ойлап ауыр дем алды. «Еңбегім еш болмаса игі еді. Әйтеуір, әлгінде бар арықтың құлағын ашып кеткенім қандай абзал болған».
Нұрекең құбырды бітеп, құлақ арықтың бойымен қауындыққа қарай жүрді. Шылқыған керзі етігі басқан сайын қорқ-қорқ етеді. Біржерге қисайса қайтып оңайлықпен тұра алмасын да жақсы сезді. «Не де болса қауынның маңына жетіп құласам екен… Одан соң тағы бір кәрі болар…»
Тап осы күні шал өзін енді ұққандай болды. Зілдей етігін әрең көтеріп басып келе жатып, «Қартайған екенмін», — деп күбірлеп қойды өзіне-өзі. Қартайған екенмін… Бұл пенде шіркіннің көңілі екен ғой оңайлықпен қайтпайтын. Болмаса жетпіске келгенде бір гектар қауын не теңім еді, құдай-ау! Енді мынау кетпенге жалынып… Бұл кетпенді қандай ойнатып жіберуші ем қаруымның барында. Міне, жеңгені емей немене… Бұл болса, әлі қылпып тұр… Мен болсам, мынау…» Ол ай сәулесі ойнаған кетпенінің жүзіне қарап қойды.
«Иә, бәрі де жеңді… Бәрің де жеңдіңдер мені. Кәрілік, сен жеңдің… Сен дегеніңе жеттің ақыры…» Шеткі қарықтың қасына кеп, кетпеніне сүйеніп біраз тұрды. Жарқырап жатқан су толық арықтарға қарады. Бір-екі қарықтың суы толып, пәлектерді көміп кетіпті. «Әттеген-ай, ана бір жерінен бос қарыққа қарай жырып жіберсе ғой! Теңкиіп-теңкиіп жатқан торлама, басбалдылардың бауырын су жалайтын болды-ау!. Өзі қауындары ірі қарық еді. Обалдағы-ай, енді… Шамалы тыныстап алайын». Нұрекең көзіне жәйлілеу көрінген бір жерге қисая кетті.
«Пай-пай, баяғыда құлқын сәріден қара кешке дейін, қайқайып кетпен шауып, бір аяқ көжені түрегеп тұрып сіміріп сап, түнімен орақ оратын Нұржан еді бұл…
Айхай, дәурен-ай… Көркіңнен, жігеріңнен айналайын жиырма бес-ай, өттің-ау, көзден бір-бір ұшып… Кеттің-ау. Онда мына қолдар дегенің балғадай еді. Бұлшық еттері бұл-тылдап ойнап, терілері қап-қара боп жылтыңдап тұрушы еді. Енді мынау…» Ол оң қолын сәл жоғары көтеріп сылқ еткізіп қайта түсіре салды. Терісі болбыраған арық білегінен біртүрлі жиіркеніп кеткендей болды. «Иә, кәдеге асатын түк те қалған жоқ. Сол-лай…»
Нұрекеңнің құлағына алыстан «ыхы, ыхылаған» дауыс кеп жатты. Дауыс бірте-бірте жақындай берді. Ол жандәрмен күйде жатып-ақ әйтеуір есектілі біреудіңтаяп қалғанын сезді.
— Ей, жадау шал, сүйіншіңді…
Ол Жұмабайдың гүжілдеген ашық даусын анықестіді.
— Оқудан балаң келді-ей.
— Алда, айналайын-ай!. .
— Нұрекеңнің ұйқысы шайдай ашылды. Орнынан тұрмақшы боп, әрі-бері тырбаңдап еді, болмады… Тот басқан топсадай денесі илігер емес. Дәл қазір әр мүшесін қозғалту бір биабан жұмыс екенін ол жақсы сезді.
— Қашан-ей, әлгіндегі пойыздан-ау, құдайдың бере салғаны, — деп бірдеңелерді айтып жатты.
Әшейінде болса, «Сенің ниетің жаман. Алжығанда қауын ектің… Шүкіршілік етіп отыру жоқ. Сен оңдайсың, мұндайсың», — деп әзілдеп басын ауыртар еді. Бұл жолы Жұмабай ләм деген жоқ. Ол арықтың бекітілген жерін көрген. Шидей борбайын созып жіберіп, тірі аруақтай серейіп жатқан замандасын аяп кетті. Жанында көп те тұра алған жоқ.
— Нұрекең-ау, мен кеттім. Тек соны айтып қуантайын деп — Ол бұл сөздерді ақырын ғана айтты да, есегінің басын қақпалап, бас арықты жағалап кетті.
Нұрекең тағы да баласын ойлады. «Айналайын-ай, менің қазіргі сиқымды көрсе не дер еді? Не дер екен маған? Жас-тайынан қарық кешіп, қауын көтеріп өсті ғой. Жаман шалдың жанын түсінер-ау…»
Есіне қауын жайы түсті.
«Не де болса қауыным жақсы су ішті, — деді шал күбірлеп.
— Бұл бітік қауын болғалы тұр. Ылайым болсын. Диқанның еңбегі жанса, маңдай теріне риза да. Бұ жарықтықтың алды сарғайып шықты дегенше, бой бермей кетеді ғой. Тек шетінен үзіп, ірітпей-шірітпей колхозға жөнелте беру керек. Қауынды да жөнімен үзсе болғаны. Күтімін тапсаң пәлек дегенің қазына ғой. Топырақтан тысқары боп денім сау тұрсам, қауынды өзім үземін Бала-шаға пәлекті бей-берекет басып тастайды». Нұрекең шапанын жөндеп қымтанып алды. Денесі тоңазиын деген екен. Оң қолын әрең қозғап әкеп, саусақтарымен сақалын тарамдады. «Еһе, шіркін, ол күнге жетсек…» Шалдың бетіне тіршілік сәулесі шыға келді. Жұмулы көзін ақырындап ашып аспанға қарады.
Жұлдыздар сөнген. Аспан бауырында шарайнаның жарты сынығындай боп ай қалқып барады. Оның мұрнына терістіктен соққан самалмен ілесіп, таяу жерден қауынның бұрқыраған әдемі иісі келіп жатты.