
- 31 нау. 2025 17:48
- 65
Агроөнеркәсіптегі жалған статистика: мәселе қалай шешіледі?
Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының басшысы Серік Егізбаев Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасында агроөнеркәсіп саласындағы жалған статистика мәселесін ашық көтерді. Оның айтуынша, елдегі азық-түлік өндірісіне қатысты деректер шындыққа жанаспайды, ал миллиондаған тонна өнімдер – қағаз жүзіндегі ғана сандар.
«Жалған статистика, миллиондаған припискалар бар. Миллиондаған тонна сүт, көкөніс, астық – бәрі өтірік. Президенттің қабылдауында бұл мәселе көтерілді, мемлекет басшысы бұған таңғалды», – деді Серік Егізбаев.
Жалған есептің зардабы қандай?
Саладағы жалған статистика нарыққа айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Ең өзекті мысал – картоп мәселесі. Егізбаевтың айтуынша, Үкіметтің отырысында кейбір өңірлер қоймада бар картоп қорын жүз есе асырып көрсеткені анықталған.
«Маңғыстау өңірінде бар-жоғы 20 тонна картоп болса, есепте 2000 тонна деп көрсетілген. Мұндай жалған деректер бағаның қымбаттауына және нарықтағы тапшылыққа тікелей әсер етеді», – деді ол.
Бұл жағдай тек картоппен шектелмейді. Осындай «қағаз жүзінде ғана бар» өнімдер сүт, астық және көкөніс өндірісінде де тіркеліп отыр.
Жалған дерек бергендер жауапқа тартыла ма?
Бағдарлама барысында журналист Ерболат Мұхамеджан жалған есеп бергендер жазалануы керек пе деген сұрақ қойды. Серік Егізбаев бұл ұсынысты қолдайтынын айтып, статистикамен айналысатын жауапты тұлғалар заң алдында жауап беруі тиіс екенін мәлімдеді.
«Неге олар бұлай істейді? Себебі статистика үшін жаза жоқ. Егер нақты жауапкершілік енгізілсе, бұндай жағдайлар азаяр еді», – деп пікір білдірді комитет төрағасы.
Агроөнеркәсіп саласындағы жалған статистика тек сандардың ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығы жүйесінің бұрмалануына әкеліп соғады. Бұл мәселені шешу үшін:
- Жалған есеп бергендерге заңды жауапкершілік жүктеу
- Өнім қорын нақтылап, ашық жүйе қалыптастыру
- Цифрлық технологияларды енгізу арқылы мәліметтерді бақылау күшейту қажет
Қазақстандықтардың азық-түлік қауіпсіздігі мен нарықтағы тұрақтылық үшін бұл мәселеге билік тез арада шешім табуы тиіс.