
- 31 нау. 2025 12:12
- 69
Теміртауда қарияға қатыгездік көрсеткен бұзақылар ұсталды
Теміртауда кәмелетке толмаған бірнеше жасөспірім қарияның үйіне баса-көктеп кіріп, оны соққыға жыққан. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жасөспірімдер өздерін электрикпіз деп таныстырып, қарияның есігін ашқызған. Үйге кіргеннен кейін олар жалғыз тұратын қарияны аяусыз ұрып-соғып, бұл сәтті бейнежазбаға түсірген. Желіде тараған видеода қарияны отырған жерінде және жерде жатқанда бірнеше рет теуіп, ауыр жарақат салғаны көрінеді. Соққы салдарынан оның беті мен мұрны қанға боялған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық күдіктілер ұсталып, олардың заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. 2025 жылғы 29 наурызда бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары кінәлілер заң алдында толық жауап беретініне сендіріп отыр.